TOP-2Жаңалықтар

“Мұнымен әлі біткен жоқ”: Нұрайдың ағасы мәлімдеме жасады

Ол осы уақытқа дейін өзіне қоғам білдірген бәріне алғысын білдірді

Кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай өзіне қолдау білдірген қоғам мен мемлекеттік органдардың бәріне алғысын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сұлтан Серікбай не дейді

Сұлтан Серікбай үкімнен кейін ауырып қалғанын айтты. Соған қарамастан мәлімдеме жасау жөн деп білгенін жеткізді.

“Әлі бізде апелляция, кассация мен тергеушінің қарайтыны бар. Істі аяғына дейін жеткізген жоқпыз. Бұл – тек бастамасы. Сондықтан бәріміз бірге болайық. Сәттілік тілеген, қолдау білдіргендердің бәріне көп алғысымды айтамын. Сіздердің арқаларыңызда, қоғамның арқасында, прокуратура, ішкі істер министрлігі, президентіміздің арқасында осындай шешімге келіп отырмыз. Мұнымен әлі біткен жоқ, сондықтан назарда болыңыздар. Басымды идім тағы да”, – деді Сұлтан Серікбай.

Нұрай ісі

Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.

16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.

Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.

Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Back to top button