TOP-1Сараптама

Мен көрген Ауғанстан

Ауғанстанға сапардан кейін қолға алған бұл жазбамды мен шағын очерк әрі фоторепортаж сипатында оқырман назарына ұсынып отырмын. Сөз жеткен жеріне дейін жазылсын да, ізінше белгілі фотограф Оспан Әлидің фотосуреттері сөйлесін.

“Ауғанстанға барасыз ба?” деген ұсынысты әуелі маған Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі Әлия Рахымова жасады. Сапардың мақсатын “гуманитарлық және экономикалық миссия” деп атапты. “Атың барда жер таны” демекші, көп ойланбай бірден келістім.

19 маусым күні Астанадан әскери ұшақпен ұшып шықтық. Ауғанстан астанасына жетер жолда ұшақ шет-шегі көрінбейтін биік әрі тақыр тауларды басып өтті. Биігіректерінің ұшар басында қар жатыр. Алыстағы биік шыңдар – “ешкімге бағынбайтын өр мінезділер біз боламыз” дегендей мұнарланып тұр.

Кабул деген тау ішіндегі үлкен қала екен. Уикипедия бұл шаһарда 4 миллионнан астам адам тұрады дейді. Бірақ кейін елшіліктегі азаматтардан 8 миллионға жуық адам тұрады дегенді естідік. Қала шеті тау бөктеріне кіре жалғасып, үлкен аумақты алып жатыр.

Фото: Ospan Ali

Әуежайдан түсе сала басына телпек киген адамдар күтіп алды. Әрбірінің киген киімін біз тек видеолардан көрген шығармыз. Ұлттық киімдері денені толық жауып тұрады, аяққа бәрі іле саларлық жазғы аяқкиім киеді.

Фото: Ospan Ali

Кабулдың ортасын қақ жара көлікпен ызғытып, қонақүйге де келдік. Тау бөктеріне жақын орналасқан қонақүйдің алдында қарулы күзет тұрды. Біз түскен орын ғана емес, ірі нысанның бәріне не себепті әскери техника, қарулы күзет қойылғанын аңғаруға болады. Мәселен, біз түскен қонақүйге 2018 жылы теракт жасалып отызға жуық адам қаза болған. 

Фото: Аян Өрібай

Бұл сапарда бізге тіл, жергілікті менталитет, сақтық жағынан Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіндегі азаматтардың көп көмегі тиді. Әуелі Бабыр бағына бардық. Кабул тал-терегі сирек, тақырлау қала десек, Бабыр бағы соның бір шетіндегі жасыл желекке толы, сырты биік қорғанмен қоршалған көрікті мекен екен.

Фото: Ospan Ali

Айта кетерлігі, Ауғанстанға жаңа билік келгелі журналистерге арналған баспасөз туры алғаш рет өткізіліп отыр. Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова бірлескен бизнес-форумға қызу дайындала жүріп, фотоға түсіп үлгерді. Ұйымдастыру қабілеті мықты, білікті маман.

Фото: Ospan Ali

Ал желіде Ospan Ali атымен белгілі фотограф Әлібек Ибраев жүрген жерінен шынайылық пен колорит іздеп жүр.

Фото: Ospan Ali

Әлекеңнің көзі өткір, қадалған жерінен қан алатын қағылез фотограф екеніне сапар барысында бірнеше мәрте көз жеткіздік.

Балалар бақта су шашып, емін-еркін ойнап жүр.

Фото: Ospan Ali

Бабырдың өзі (Әмір Темірдің ұрпағы) осы бақта жатыр екен. Бейітінің екі жағына екі адам жерленген. Қазіргі Өзбекстаннің Әндіжанында дүниеге келіп, Мәуреннахр үшін таласта ағасы Шайбани ханнан жеңіліп, қазіргі Кабулдағы осы бақтың негізін өзі қалаған дейді тарих. Бабырдың ұрпақтары да осы бақта өмір сүрген.

Фото: Ospan Ali

Кабулдың орталық бөлігінде адам қарасы мол. Жол бойында сусын сатқан адамдар көп отырады. Бір қызығы, елде Coca-Сola зауыты болған соң ба, баласы да, кәрісі де көк қалбырдағы осы сусынды көп ішетінін байқадым.

Фото: Ospan Ali

Екіншіден, көшелер мен үйлерде тулар көптеп тігілген. Қара, қызыл әрі жасыл түсті үйлестірген бұрынғы Ауғанстанның туын тігуге мұнда қатаң тыйым салынған. Қандай түсті ту тігілсе де, бетінде “Ауғанстан Ислам Әмірлігі” деп жазылған.

Фото: Ospan Ali

Кабулда әйелдерді емін-еркін фотоға түсіру қиын. Бәрі бетін тұмшалап жүреді. Әлекеңнің кадрына ілінген аз фотолардың бірі осындай екен. Фото сөзсіз-ақ сөйлеп тұр.

Фото: Ospan Ali

Қазақстандағыдай жол ережесі Кабулда сақтала бермейді. Жол бойында полиция қызметкерлері тұрғанын көресің. Соған қарамай, жолдың қарсы бетімен ызғытқан көліктерді байқауға болады. Бір көлікке бірнеше адам болып тиелгендер жиі кездеседі.

Фото: Ospan Ali

Біз келгеннен кейін бір күннен соң қонақүйде қазақ-ауған бірлескен бизнес-форумы басталды. Форум алдында вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстаннан жеткізілген 319 тонна гуманитарлық көмектің қораптарын тапсырды. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және тұрмысқа қажетті тағы басқа заттар бар. Одан бөлек Қазақстанның 10 дәрігері бір апта бойы Кабулда адамдарды емдеуге келген.

Қазақстанның дәрігерлері гуманитарлық көмек шеңберінде бір жылда екінші рет Ауғанстанға келіп отыр. Бұл жолы 10 дәрігер маман (хирургтар) осы елге келіп, жергілікті мамандарға тәжірибесін бөлісіп, науқастарға ота жасаған. Астана қаласынан келген хирург Серік Нұртазин бұған дейін оннан аса ота жасағанын айтады.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Айтпақшы, Серік Жұманғаринді әуежайда төменгі фотодағы (оң жақтан санағанда үшінші тұрған) Ауғанстан сауда министрі Нұриддин Әзизи күтіп алғанын білдік. Әзизидің бірнеше рет Астанаға келгені есімізде. Бір жиында “біз соғысып шаршаған халықпыз, бізді құбыжық көрудің қажеті жоқ – ел қатарлы өмір сүргіміз келеді” деген сөзі есімде қалыпты.

Фото: primeminister.kz

Жиында Серік Жұманғарин сөз алды.

«Біз Ауғанстанды басты стратегиялық маңызды әріптесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Тұрақты және гүлденген Ауғанстан бүкіл аймақтың бейбітшілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызы зор екеніне сенімдіміз», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

БҰҰ дерегі бойынша, бүгінде ауғандықтардың 45 млн тұрғынынан 30 млн-ға жуығы гуманитарлық көмекке мұқтаж. 5 жасқа дейінгі 1,3 млн-ға жуық бала дұрыс тамақтанбау салдарынан емге зәру.

Фото: Ospan Ali

Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмекті бірнеше рет жіберген әрі Ауғанстанға 2021 жылдан бастап тұрақты негізде гуманитарлық көмекті көрсетіп келеді. Кейінгі бес жылда елге ондаған мың тонна ұн мен азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар, шатырлар, тұрмыстық заттар, жылы киімдер және басқа да қажетті тауарлар жіберілген.

Ал бизнес-форумға Қазақстаннан агроөнеркәсіп кешені, технология, машина жасау, химия өнеркәсібі мен IT саласындағы 50-ден аса компанияның өкілдері барды. “Біздерде мынадай бар” деп бірі ұнын, бірі майын, бірі техникасын көрсетті. Тағы бір үлкен залда гуілдесіп, екі жақтың кәсіпкерлері келіссөз жүргізді.

Кабулға келгенде бұл сапардың жай ғана ресми кездесу емес екенін бірден байқауға болады. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда байланыстары жаңа кезеңге көше бастаған. Екі елдің алдында амбициялық мақсат тұр: былтырғы $541,8 млн болған өзара сауда көлемін жақын жылдары $3 млрд-қа жеткіземіз дейді.

Жұманғарин Қазақстанның Ауғанстанға астық, ұн, майлы дақылдар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек пен өнеркәсіптік жабдық жеткізуге дайын екенін айтып қана қоймай, Ауғанстан аумағында бірлескен өндірістер ашуға қызығушылық танытатынын жеткізді. Форумда жалпы нақты нәтижелер де байқалды. Қазақстанның май саласы қауымдастығы соңғы үш маусымда Ауғанстанға күнбағыс майын жеткізу көлемі төрт еседен астам өсіп, 75 мың тоннаға жеткенін мәлімдеді. Келесі мақсат – бұл көрсеткішті 120 мың тоннаға дейін жеткізу.

Кабулдағы алаңда қазақстандық технологиялық өнімдер де ерекше назар аудартты. Серік Жұманғарин ауған тарапына өкпе ауруларын оңалтуға арналған «BARK VibroLUNG» аппаратын сыйға тартты. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі HES-7 жүйесімен жабдықталған мобильді диагностикалық кешен таныстырылды. Форум қорытындысында Ауғанстанға құны $45 млн болатын 4500 мобильді медициналық кешен жеткізу туралы келісім жасалды.

Фото: primeminister.kz

«Біз ауғандық әріптестерімізге астық, ұн, майлы дақыл, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, өнеркәсіптік жабдық және басқа да сұранысқа ие тауар жеткізудің бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл ретте Қазақстан экспортқа ғана емес, сонымен қатар Ауғанстан аумағында, әсіресе тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тоқыма сияқты салаларда бірлескен өндірістерді іске асыруға мүдделі», – деп атап өтті Серік Жұманғарин өз сөзінде.

Форумда Eurasian Resources Group (ERG) Ауғанстандағы хром кен орындарын барлауға және игеруге, сол жерден кен орнын сатып алуға немесе ауғандық серіктестермен бірлескен кәсіпорын құруға қызығушылық танытып отырғаны айтылды. ERG жақын арада осы мақсатта далалық жұмыстарды бастауды жоспарлап отыр. Одан бөлек, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті арасында су ресурстарын басқару мен ирригация, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын орнықты дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша ниеттестік туралы тиісті келісім жасалды. Орталықты Кабул университетінің базасында құру жоспарланған. Бұл – су ресурстары, ирригация, орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы оқу-зерттеу мекемесі. Жаңа орталық маман даярлау, білім алмасу, бірлескен зерттеу жүргізу мен су-аграрлық секторда заманауи шешімдер енгізудің тәжірибе алаңына айналады. Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар білім беру бағдарламалары мен ғылыми сүйемелдеу жүргізеді.

Ауған кәсіпкерлері форумнан соң қазақ журналистеріне кілем тоқитын зауытын көрсетті. “Бірнеше елге экспортымыз бар, біздің өнімнің басты артықшылығы – қолдан тігілетінінде” дейді олар. Жібек жамылған кілемші өндіріс базасын да көрсетті.

Фото: Ospan Ali

“Ауғанстанда әйелдер жұмыс істемейді, үйден шықпайды” деген түсінік те біржақты тараған сынды. Біз келген кілем зауытында бірнеше әйел қызу жұмыс істеп отыр екен.

Фото: Ospan Ali

Кілем зауытына ере келген бұл жігіт өзін “өзбекпін” деп таныстырды. Сөзінше, Ауғанстанда өзбек ұлтты азаматтар көп тұрады екен.

Фото: Ospan Ali

Қайтар тұста әуежайда ойыма осыдан төрт жыл бұрынғы оқиғалар оралды. 2021 жылдың тамызында АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарып жатқанда олардың режиміне қызмет еткен жергілікті тұрғындар қозғалған ұшақтың бүйіріне жармасып, елден қашуға тырысқан еді. Ол сәттің видеосы сол тұста бүкіл әлемді шарлап кеткен. Ұшақ көтерілгенде сыртына жармасқан үш адам жерге құлап мерт болды. Сол сәттің суретін кейін Кабулдағы дүкеннен көрдім.

Фото: Tizgin.kz

Оспан Әлидің басқа да фотосуреттері:

Фото: Ospan Ali

Фото: Ospan Ali

Фото: Ospan Ali
Фото: Ospan Ali

Фото: Ospan Ali

Back to top button