“Казцинктегі” жарылыс: кінәлілер қанша жылға сотталуы мүмкін
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр және тергеу-жедел тобы құрылған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бүгін Мәжіліс кулуарында Өскемендегі зауыттағы жарылыс фактісі бойынша оқиғаның екі негізгі нұсқасы қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр және тергеу-жедел тобы құрылған.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу-жедел тобы тәжірибелі қызметкерлермен жасақталған. Бүгін оннан астам сот сараптамасын тағайындадық. Ең бастысы – жарылысқа не себеп болғанын анықтау», – дейді Әділов.
Ішкі істер министрінің орынбасарының айтуынша, негізгі нұсқалар ретінде технологиялық процестің бұзылуы және адам факторы, соның ішінде еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы қарастырылып отыр.
«Қалай болғанда да, қазір уәкілетті мемлекеттік органдардың, Өнеркәсіп министрлігінің, облыс әкімдігінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Комиссияның және кешенді сот-сараптамалық комиссияның шешімі бізге тергеудің бағытын көрсетіп, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешуге негіз болады. Қаза тапқандардан бөлек, екі зардап шеккен адам ауруханада жатыр, олардың бірі – ауыр жағдайда», – деді Әділов.
Еске сала кетсек, 5 мамыр күні таңертең зауыт аумағында шаң ұстау құрылғысы жарылып, кейін өрт шыққан және нысан ішінара құлаған.
Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жарақат алды.