TOP-1ЖаңалықтарОқиға

Казцинктегі жарылыс: екі адамның қаза тапқаны расталды

Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Бүгін таңертең Өскемен металлургиялық алаңы аумағында оқыс жағдай болды. Алдын ала мәлімет бойынша, түтінсорғышты тазалау жұмыстары барысында жарылыс болып, оның артынан өрт шығып, құрылымдардың бір бөлігі құлаған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қазцинк» зауытының ресми мәліметі бойынша, оқиға орнында төтенше қызметтер жұмыс істеп жатыр, салдарын жою шаралары жүргізіліп жатыр.

«Жан-жақты және объективті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталады.

Компания қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек бар», – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала деректер бойынша, шекті рұқсат етілген нормалардан аспайтын және қауіпті ластаушы заттар бөлінбеген жергілікті шаң шығуы тіркелген.

Еске салсақ, бұған дейін осы оқиғаға байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеген болатын.

Back to top button