Өскеменде зауыттағы жарылыстан 9 адам зардап шекті
Өскемен қаласында «Қазцинк» зауытында болған жарылыс пен өрт салдарынан тоғыз адам зардап шекті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Оқиға орнына жедел жәрдемнің бес бригадасы жіберілген.
«Екі науқастың жағдайы ауыр. Олардың бірін ауруханаға “Қазцинк” өкілдері жеткізді. Тағы біріне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілуде», – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, таңертең зауыт аумағында шаң ұстау құрылғысы жарылып, кейін өрт шыққан және нысан ішінара құлаған.
Өрт ауыздықталды. Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділерді тазалау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Осы оқиғаға байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Ол профильдік ведомстволарға жедел шара қабылдап, қабылданған шешімдер туралы баяндауды тапсырды.