Каспийдегі трагедия: қаза тапқан офицердің денесі Түркістанға жеткізілді
Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының денесі Түркістанға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл ақпаратты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі растады.
«Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының денесі әскери ұшақпен туған жері – Түркістанға жеткізілді», – деп хабарлады жұма күні Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының әскери қызметшілері Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денелері арнайы рейспен Оралға жеткізілгені хабарланған еді.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қарулы күштердің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.