Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды

Қорғаныс министрлігі Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын хабарлады.
Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.
Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады.