Инвестиция тартудағы серпінді серпіліс: Шу өңірі жаңа даму кезеңіне қадам басты
Ел экономикасының тұрақты дамуы, ең алдымен, өңірлердің әлеуетімен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір өңірдің басты міндеті инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту екенін үнемі айтып келеді. Президенттің айтуынша, әкімдердің жұмысы тартылған инвестиция көлемімен, іске қосылған өндіріс орындарымен және құрылған жаңа жұмыс орындарымен бағалануы тиіс. Бұл талап бүгінде еліміздің барлық аймақтарына ортақ міндетке айналды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жамбыл облысында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде тоғыз жолдың торабында орналасқан, көлік-логистикалық мүмкіндігі жоғары Шу ауданы соңғы жылдары инвестиция тарту бойынша аймақтағы көшбасшы өңірлердің біріне айналып отыр. Мұнда орналасқан «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы бүгінде шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын тудырып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде.
Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, аудан экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістер ашу және тұрғындарды жұмыспен қамту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Соңғы жылдары қолға алынған жобалардың барлығы осы мақсатқа бағытталған.
Инвестиция көлемі бірнеше есе өсті
Ресми мәліметтерге сәйкес, биылғы бес айдың қорытындысында Шу ауданында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 115,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 85,2 млрд теңгеге артық. Ал нақты көлем индексі 365,0 пайызға жеткен.
Мұндай өсім кездейсоқ емес. Ауданда инвесторларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Өткен жылы әлеуетті инвесторлармен 30 кездесу өткізілсе, биылғы бес айдың өзінде 17 кездесу ұйымдастырылған.

Қазіргі уақытта жалпы құны 1,13 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал 2026 жылы жалпы құны 443,7 млрд теңгені құрайтын 5 ірі өндірістік жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 130,0 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстандағы ең ірі жүгері өңдеу зауыты салынып жатыр
Шу ауданындағы ең ауқымды инвестициялық жоба – «SHENGTAI BIOTECH CO. LTD» компаниясының жүгеріні терең өңдеу зауыты.
Жобаның бастапқы инвестициялық құны 407,6 млрд теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылған кезде 1700 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі жүгері өңдеу зауыттарының бірі болмақ. Оның өндірістік қуаты жылына 3 млн тонна өнім өңдеуге жетеді. Компания алғашқы кезеңде 1 млн тонна, кейіннен 5 млн тоннаға дейін жүгері сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұл тек өнеркәсіп үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы үшін де үлкен мүмкіндік. Себебі жергілікті диқандар өнімдерін өткізудің жаңа нарығына ие болады.
Химия өнеркәсібіндегі тың жоба
Ауданда жүзеге асырылып жатқан маңызды өндірістердің бірі – «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компаниясының сутегі асқын тотығын өндіретін зауыты.
Жобаның инвестициялық құны 32,0 млрд теңгені құрайды.

Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай өндіріс. Зауыт іске қосылған соң 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Компания қазірдің өзінде болашақ қызметкерлерді арнайы даярлап, оқу кезеңінде шәкіртақы төлеп отыр. Үш айлық дайындықтан кейін кәсіби деңгейін дәлелдеген азаматтар тұрақты жұмысқа қабылданады.
Кремний өндірісі де қолға алынды
Шу ауданындағы тағы бір маңызды жоба – «JVictorNewEnergy» ЖШС жүзеге асырып жатқан техникалық кремний өндіретін зауыт.
Жобаның инвестициялық құны 17,7 млрд теңгені құрайды.
Зауыт жылына 60 мың тонна техникалық кремний өндіреді.

Бұл өнім электроника, күн батареялары және жоғары технологиялық өндірістер үшін аса маңызды шикізат саналады.
Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жасыл энергетикаға басымдық берілуде
Бүгінде әлем баламалы энергия көздеріне бет бұрып отырғаны белгілі. Шу ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
«М-КАТ Green» компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан күн электр станциясы 500 гектар аумаққа орналасқан.
Франция инвесторлары қатысқан бұл жоба жылына 100 мВт/сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге «ASK Solar Energy» ЖШС де күн электр станциясын салуда.
Бұл жобаға 300 гектар жер бөлінген. Инвестиция көлемі 45,0 млрд теңгені құрайды. Жоба іске қосылғанда 55 жаңа жұмыс орны ашылады.
Құрылыс индустриясы да дамып келеді
Шу ауданындағы өндірістердің қатарын «ARRIVO INDUSTRY» ЖШС толықтырып отыр.
Компания құрылысқа арналған сэндвич-панельдер, металл конструкциялары және көпір құрылысына қажетті болат материалдарын өндіреді.
Жобаның құны 300 млн теңге. Кәсіпорында 30 адам жұмыспен қамтылады. Жылына 200 мың сызықтық метр сэндвич-панель және 6 мың тонна металл конструкциялары шығарылады.
Айта кетерлігі, бүгінде салынып жатқан жүгері өңдеу зауытының сыртқы қабырғалары дәл осы кәсіпорынның өнімдерімен қапталған.
Химия өндірісіндегі тағы бір ірі жоба
«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «ALTYNALAMAS REAGENTS» ЖШС қолға алған натрий цианидін өндіру зауыты.
Жобаның инвестициялық көлемі 40,0 млрд теңге.
Кәсіпорын іске қосылған соң 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Соның 30 пайызы жергілікті тұрғындарға беріледі. 2025 жылдың қорытындысы көңіл қуантады. Өткен жылы Шу ауданында жалпы құны 66,5 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске асырылған. Соның ең ірілерінің бірі – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалына қарасты «Shatyrkol-Jaysan Tau-ken ondirisi» кен байыту фабрикасы. Жобаның құны 55,7 млрд теңге. Фабрика жылына 1 млн 200 мың тонна кен өңдей алады. Бүгінде мұнда 769 адам еңбек етеді, оның 119-ы Шу ауданының тұрғындары.
Бұрын кен шикізат күйінде Балқашқа жөнелтілетін болса, қазір осы жерде өңделіп, дайын концентрат ретінде тасымалданады. Бұл логистикалық шығындарды қысқартып, өндіріс тиімділігін арттырды.
Жүздеген миллиард теңгенің жобалары жүзеге асып жатыр
Қазіргі таңда Шу ауданында жүзеге асырылу кезеңінде тұрған 10 ірі инвестициялық жоба бар.
Олардың жалпы құны 917,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс барысында 3100 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 700 адам – Шу ауданының тұрғындары. Бұл көрсеткіштердің өзі ауданның өндірістік әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Туризм мен жол сервисі қатар дамуда
Шу ауданы республикалық маңызы бар халықаралық автожолдардың бойында орналасқан.
Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында жол бойындағы сервис нысандарының құрылысы қолға алынған. Алға ауылдық округінде орналасқан «Андасбай» жол сервис кешенінің құрылысы басталды.
Жобаның құны 350,0 млн теңге. Кешенде жанармай құю бекеті, қонақ үй, асхана және автотұрақ орналасады. Нысан пайдалануға берілгенде 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Бір мезгілде 70 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік болады. Сонымен қатар «Алға» мотелі де салынып жатыр. Жобаның құны 150,0 млн теңге. Онда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Ал Бірлік ауылдық округінде «Нұрлы жер» жол сервис кешені пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 300,0 млн теңге. Мұнда қонақ үй, асхана, техникалық қызмет көрсету орталығы және 100 жүк көлігіне арналған автотұрақ жұмыс істейді. Кешенде 25 жаңа жұмыс орны ашылған.
Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау
Шу ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері сауда айналымы 8,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,0 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,9 млрд теңге болған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бері 715 өтінім қаралып, жалпы көлемі 4,2 млрд теңге болатын жеңілдетілген несиелер берілген.
Биыл 13 жобаның құжаттары ұсынылып, олардың ішінде жалпы құны 41,3 млн теңгені құрайтын 6 жобаға несие берілді. Құны 65,8 млн теңге болатын тағы 4 жоба қаралу үстінде. Қазіргі таңда аудан аумағында 7 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың тірегі
Шу ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша да облыстағы жетекші өңірлердің бірі. Жалпы егістік көлемі 139 451 гектарды құрайды. Оның ішінде 32 057 гектары суармалы, 107 394 гектары тәлімдік жерлер. Қант қызылшасын дамыту бағытында «Qyzylsha Zher» ЖШС заманауи технологияларды пайдаланып келеді. Компания 2026 жылы 700 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлап отыр. Өнім Меркі ауданындағы қант зауытына жөнелтіледі.
Қорытынды
Бүгінде Шу ауданы Жамбыл облысындағы қарқынды дамып келе жатқан өндірістік әрі инвестициялық орталықтардың біріне айналып отыр. Бір ғана арнайы экономикалық аймақ аясында жүзеге асырылып жатқан миллиардтаған теңгенің жобалары аудан экономикасының жаңа тынысын ашуда. Өнеркәсіп, химия өндірісі, баламалы энергетика, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік пен туризм бағытындағы жұмыстар бір-бірімен сабақтасып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып келеді.
Ең бастысы – әрбір жаңа жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған өңірлердің тұрақты дамуы жөніндегі саясаттың нақты нәтижесі. Шу өңіріндегі бүгінгі серпінді жобалар ауданның ғана емес, жалпы Жамбыл облысының экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Ал қолға алынған бастамалар толық жүзеге асқанда Шу ауданы еліміздің индустриялық даму картасындағы стратегиялық маңызы бар өндірістік аймақтардың біріне айналатыны анық.