Еуропадағы аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам көз жұмды
Зерттеу деректеріне сәйкес, қайтыс болғандардың 9 мыңнан астамы 65 жастан асқан адамдар болған.
Маусым айының соңында Еуропаны шарпыған аптап ыстық салдарынан 10 мыңнан астам адам мезгілсіз қайтыс болды. Мұндай мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен байланысты құрылым жариялады. Бұл туралы Tizgin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Маусым айының соңында Еуропаны шарпыған аптап ыстық 10 мыңнан астам адамның мезгілсіз қайтыс болуына себеп болды. Бұл туралы dpa агенттігі Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO өлім-жітімді мониторингтеу бағдарламасының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Зерттеушілердің мәліметінше, ыстыққа байланысты қайтыс болғандардың басым бөлігі 65 жастан асқан адамдар. Қатты ыстық күн өту қаупін арттырып қана қоймай, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына әкеледі. Мұндай қауіпке әсіресе егде жастағы адамдар көбірек ұшырайды.
EuroMOMO мамандары Еуропаның 27 елінің ұлттық статистикасын талдаған, алайда жекелеген мемлекеттер бойынша нақты мәліметтер жарияланбаған. Тек маусымның соңғы аптасында Франция мен Бельгияда артық өлім-жітім деңгейі өте жоғары болғаны атап өтілді.
Германияда 5 мыңнан астам адам қайтыс болды
Германияның Роберт Кох институты (RKI) да өз мәліметін жариялады. Институттың мәліметінше, маусым айының соңына дейін елде аптап ыстық салдарынан шамамен 5100 адам қайтыс болған. Оның ішінде 4310 өлім тек 22–28 маусым аралығындағы ең ыстық аптада тіркелген.
Қайтыс болғандардың 80 пайыздан астамы 75 жастан асқан адамдар. Сондай-ақ көз жұмғандардың арасында әйелдер саны ерлерге қарағанда көп болған. Мамандар мұны егде жастағы тұрғындар арасында әйелдердің үлесі жоғары болуымен түсіндірді.
Ұлыбритания мен Еуропаның ірі қалаларындағы жағдай
Лондон империялық колледжі, Ұлыбританияның Метеорологиялық қызметі және Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебі бірлесіп жүргізген зерттеуге сәйкес, маусым айының соңындағы аптап ыстықтан Англия мен Уэльсте ғана шамамен 2700 адам қайтыс болған.
Осы зерттеу тобының бағалауынша, аптап ыстық Еуропаның 12 ірі қаласында шамамен 2300 адамның өмірін қиған. Ең көп өлім-жітім Милан, Париж және Барселона қалаларында тіркелген.