$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31
TOP-2Жаңалықтар

Ерлан Қарин Джеки Чанмен кездесті

Джеки Чан Ақордаға не үшін келді

Вице-президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлемге әйгілі актер әрі режиссер Джеки Чан және халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстанда бірлескен фильмдер түсіру мүмкіндіктерін және кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты талқылады. Кездесуде жасанды интеллект технологияларын киноөндірісте қолдану мәселесі де қозғалған.

Кездесуге Джеки Чанмен бірге шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты. Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлетінін айтқан. Вице-Президенттің сөзінше, ірі халықаралық фильмдердің Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияға серпін береді. Мұндай жобалар жергілікті мамандардың кәсіби тәжірибесін арттырып, елімізді халықаралық киноөндіріске қолайлы алаң ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Фото: Ақорда

Кино саласындағы жаңа технологиялар да талқыланды. Қарин биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында Астанада Astana AI Film Festival өткенін атап өтті. Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім түскен. Хабарламада қатысушылар саны мен географиялық ауқымы жағынан оның жасанды интеллект арқылы жасалған киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылғаны айтылған.

Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс білдіріп, түсірілім тобына шығармашылық табыс тіледі.

Бұған дейін дейін Джеки Чанның қатысуымен Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») фильмінің Қазақстандағы түсірілімі басталғанын жазылған еді. Алматыда өткен түсірілімнің ресми басталу рәсіміне актердің өзі де қатысқан.

Сол кезде жарияланған мәліметке сәйкес, фильмді қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары түсіреді. Қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Түсірілімді 2026 жылы шілде мен қазан аралығында Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өткізу жоспарланған. Туынды халықаралық прокатқа бағытталған.

Back to top button