Жаңалықтар

Джеки Чан Қазақстанда жаңа фильмнің түсірілімін бастады

Аида Балаева Джеки Чанды түсірілім жұмыстарының басталуымен құттықтады

Бүгін Алматыда әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің ресми тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің киноиндустрия өкілдері қатысты.

Актерды қарсы алған Аида Балаева оның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстан мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттауға және елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік пен жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін», – деді Аида Балаева.

Кездесу барысында Джеки Чан Алматыдағы дарынды жас суретшілермен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жас түлектерімен жүздесті. Ол жастарға шығармашылық жолында табыс тілеп, өз ісіне деген сүйіспеншілік пен үздіксіз дамудың маңызын атап өтті.

Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерін тарту етіп, қатысушылар дәстүрлі түсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсті. Осылайша фильм өндірісінің ресми басталғаны айшықталды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильм өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы және гонконгтық Billion Target компаниясы айналысады. Фильм түсірілімі 2026 жылғы шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді.

Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік маңызға ие. Оны жүзеге асыру еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның ірі әлемдік киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді.

Back to top button