Без рубрики

Қазақстандықтардың коллекторларға өткен қарызы 1 трлн теңгеден асты

Қазақстанда коллекторлық агенттіктерге берілген қарыз көлемі рекордтық деңгейге жетті. Банктер мен өзге де кредиторлар оларға 1,1 трлн теңге қарызды «жұмысқа» тапсырған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Бұл былтырмен салыстырғанда 37,2%-ға көп. Finprom.kz дерегінше, қарыздардың негізгі бөлігі банк несиелері. Жалпы берешектің 85%-дан астамы осы секторға тиесілі. Бір жыл ішінде мұндай қарыз көлемі 682,7 млрд теңгеден 941,2 млрд теңгеге дейін өскен.

Сарапшылар бұл жерде қарыздарды коллекторларға сату туралы сөз жоқ екенін айтып отыр. 2024 жылдың шілдесінен бастап республика көлемінде азаматтардың проблемалық несиелеріне сәйкес талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынған.

Осы себепті банктер қарызды өз балансында қалдырып, коллекторларды сотқа дейінгі өндіріп алу жұмыстарына ғана тарта бастады.

КОЛЛЕКТОРЛАР МЕНШІГІНЕ ӨТКЕН ҚАРЫЗ 

Ал коллекторлардың кредиторлардан сатып алған қарыздары, керісінше, төмендеді. Айталық, былтыр наурыз айында бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асса, биыл наурызына қарай 727,7 млрд теңгеге дейін кеміген. Ал бұл 30,4%-ға аз көрінеді.

Алайда бұл проблемалық қарыз азайды деген ой туындамауы тиіс. Коллекторлар айналысып отырған қарыздардың жалпы көлемі шамалап айтқанда өзгеріссіз қалып отыр. Осы жылғы наурыз қорытындысында ол 1,8 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда небәрі 1%-ға ғана төмен.

Back to top button