Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзінің әріптесі – қамауда жатқан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қолдау білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сәпиев Елеусінов жайлы не дейді
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Серік Сәпиев заң бәрімізге ортақ негіз екенін айтып, тәртіп спортта да, өмірде де маңызды екенін жеткізді.
“Бүгін досым Данияр Елеусіновке өзі үшін осындай қиын сәтте шын жүректен қолдау білдіргім келеді. Данияр – біздің Олимпиада чемпионымыз, өз еңбегімен Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтатқан азамат. Оның жетістіктерінің артында орасан еңбек, тәртіп пен талай жеңіс жатыр. Баршаңызды Даниярға түсіністікпен әрі құрметпен қарауға шақырамыз. Барлық мән-жайдың объективті қаралуын күту керек. Мен Даниярға сенемін. Оның тезірек қатарға оралып, баршамызды жеңістерімен қуанта беруін тілеймін!” – деді Серік Сәпиев.
Данияр Елеусінов не үшін қамалды
Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов бұған дейін Алматы халықаралық әуежайында болған оқиғадан кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 25 қыркүйекте Алматы – Астана рейсіне жолаушыларды отырғызу кезінде болған. Елорда тұрғыны ұшақтан өз бетінше шығып, перронға жүгірген. Осылайша қауіпсіздік талаптарын бұзған. Оқиғаға байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, тиісті рәсімдер жүргізілді. Соның салдарынан рейстің ұшуы кешіккен.