$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
TOP-2Жаңалықтар

Данияр Елеусінов әуежайдағы оқиғадан кейін 10 тәулікке қамалды

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Алматы халықаралық әуежайында болған оқиғадан кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Спортшы бес бап бойынша жауапқа әкімшілік жауапкершіліке тартылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұшақтан шығып, перронға жүгірген

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 25 қыркүйекте Алматы – Астана рейсіне жолаушыларды отырғызу кезінде болған. Елорда тұрғыны ұшақтан өз бетінше шығып, перронға жүгірген.

«Ер адам Алматы – Астана рейсіне отырғызу кезінде әуе кемесінен өз бетінше шығып, перронға жүгіріп кеткен. Осылайша қауіпсіздік талаптарын бұзған. Оқиғаға байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, тиісті рәсімдер жүргізілді. Соның салдарынан рейстің ұшуы кешікті», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болғаны анықталған.

Бес бап бойынша жауапқа тартылды

Полиция мәліметінше, тексеру қорытындысында ер адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бес бабы бойынша жауапқа тартылған. Оған қоғамдық орында мас күйде жүру, тыйым салынған жерде темекі шегу, ұшу қауіпсіздігі талаптары мен әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасау деректері бойынша шара қолданылған.

«Сот шешімімен ер адам 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды», – делінген полиция хабарламасында.

Департамент адамның мәртебесі, танымалдығы немесе бұрынғы еңбегі оны жауапкершіліктен босатпайтынын, заң талаптары баршаға ортақ екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жол апатына себеп болды деген күдікпен ұсталған еді. Сол үшін 20 күн қамауда болған.

Back to top button