Данияр Елеусіновтің басы дауға қалды: полиция оны не үшін ұстады
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жол апатына себеп болды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
АДВОКАТ ТАРАТҚАН АҚПАРАТ
Әуелі Данияр Елеусіновтің полиция көлігіндегі фотосуретін адвокат Жасұлан Рахымғалиев жеке парақшасында жариялады.
“Нұра ауданында 102 арнасына Төле би көшесі мен Халифа бен Заид әл-Нахаян көшесінің қиылысында («Хан Шатыр» СОО маңы) үш автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі жол апатына кінәлі болып, оқиға орнынан бой тасалаған. Іздестіру іс-шаралары барысында аталған көлік Достық көшесінде, «Хан Шатыр» СОО-ның қарсы бетінде тоқтатылды. Көлікті 1991 жылы 13 наурызда туған Данияр Маратұлы Елеусінов басқарғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол мас күйде болған. Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы”, – деп жазды адвокат.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Астана қаласының полиция департаменті елордада жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Алайда ведомство оқиғаға қатысы бар адамның аты-жөнін жариялаған жоқ.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жүргізуші мінген көлік полиция қызметкерлерінің күшімен Достық көшесінде анықталып, тоқтатылды. Көлік тізгінінде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ», – деп мәлімдеді полиция.
Сондай-ақ полицияда «заң алдындағы жауапкершілік адамның танымалдығына, кәсібіне, лауазымына немесе еңбегіне байланысты өзгермейді. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға әрекет еткен әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады» деп атап өтті.
БОКСШЫ ЖАЙЛЫ
Данияр Маратұлы Елеусінов – Қазақстанның ең танымал кәсіпқой және әуесқой боксшыларының бірі. Ол 1991 жылы 13 наурызда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Боксқа жастайынан келіп, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатқан спортшылардың қатарына енді.
Елеусіновтің спорттық мансабындағы ең ірі жетістігі – 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алуы. Сол жарыста ол турнирдің үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогының иегері атанды. Оның алдында 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атанса, 2010 және 2014 жылдары Азия ойындарының чемпионы, бірнеше мәрте Азия чемпионы болды.
Кейін кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр Елеусінов халықаралық промоутерлік компаниялармен келісімшартқа отырып, АҚШ пен Ұлыбританияда бірқатар жекпе-жек өткізді. Ол кәсіпқой рингте де жеңісті сериясымен танылып, Қазақстан боксының беделін әлемдік деңгейде нығайтуға үлес қосты.