TOP-2Білім

Үш жылдық бакалавриат жүйесі енгізіледі: қай мамандықтарда оқу мерзімі қысқарады

Қазақстанда 2027 жылы жоғары оқу орындарындағы үш жылдық бакалавриат тәжірибесін енгізу мәселесі қаралады. Соның қорытындысы бойынша маман даярлау жүйесіне қатысты шаралар қабылданбақ. Алайда бұл форматты қолданғанда әр мамандықтың ерекшелігі ескерілетінін премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында атап өткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бірер апта бұрын депутаттар Үкіметке бакалавриатта үш жылдық оқытудың пилоттық моделін енгізуді, оның экономикалық тиімділігін есептеп, нәтижесін еңбек нарығының көрсеткіштері арқылы бағалауды ұсынған. Бектеновтің түсіндіруінше, Қазақстанда үш жылдық бакалавриатты ұйымдастыруға заңнамалық мүмкіндік бар. Бірқатар университетте оқу процесі триместрлік жүйемен жүргізіліп келеді. Ендігі мәселе — осы тәжірибені талдап, маман даярлау сапасы мен еңбек нарығының сұранысына қаншалықты сәйкес келетінін бағалау.

Бұл жұмысты 2027 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және салалық бизнес-қоғамдастықтармен бірлесіп жүргізуді жоспарлап отыр.

Қай мамандықтар жеке талдауды қажет етеді

Үкімет басшысының түсіндіруінше, үш жылдық бакалавриат білім беру бағдарламасын жай ғана қысқарту дегенді білдірмейді. Бұл – маман даярлау сапасын сақтай отырып, оқу процесін икемді ұйымдастыру мүмкіндігі. Алайда оны барлық бағытқа бірдей қолдануға болмайды. Академиялық кредиттерінің көлемі ұлғайтылған, міндетті практикалық даярлық пен арнайы біліктілік талаптары бар бағдарламалар жеке қаралуға тиіс.

«Мәселен, кәсіптік құзыреттерді қалыптастыру ұзақ әрі дәйекті теориялық және практикалық даярлықпен байланысты болатын медициналық және ветеринариялық бағдарламалар, өнер саласындағы бағдарламалар, кейбір педагогикалық, жаратылыстану, инженерлік-техникалық және гуманитарлық бағыттар ерекше тәсілді талап етеді», – делінген Бектеновтің жауабында.

Демек, аталған бағыттарда оқу мерзімін белгілеу кезінде студенттің теориялық білімді меңгеруімен қатар, қажетті практикалық даярлықтан өтуі де ескеріледі. Бұл мамандықтарды үш жылда оқытуға тыйым салынғанын білдірмейді: Үкімет олардың ерекшеліктерін жеке бағалау қажеттігін атап отыр.

Оқу мерзімі қысқарса, бағдарлама көлемі өзгере ме

Бектеновтің жауабына сәйкес, Қазақстанда оқу процесін семестр, триместр немесе тоқсан бойынша ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Үш жылдық және төрт жылдық бакалавриат бағдарламалары мазмұны мен көлемі жағынан ерекшеленбейді әрі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкес болуға тиіс. Жауапта бүкіл оқу кезеңінде 240 академиялық кредитті, ал кейбір бағыттар бойынша кемінде 300 кредитті меңгеру көзделетіні көрсетілген.

«Тиісінше, оқу ұзақтығы емес, академиялық кредиттердің белгіленген көлемін меңгеру және білім беру бағдарламасында көзделген оқу нәтижелеріне қол жеткізу маңызды», – деп түсіндірді премьер-министр.

Қазір бірқатар университетте компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, үлкен деректерді талдау, бағдарламалық инженерия, жасанды интеллект, цифрлық құқықтану, бизнес-талдау және маркетинг секілді бағыттар бойынша триместрлік оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Осы форматта 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Дегенмен оқу мерзімінің қысқаруы оқу ақысының төмендеуін көздемейді. Себебі ақы студент меңгеретін кредиттер көлеміне қарай есептеледі. Қарқынды формат университет инфрақұрылымы мен оқытушыларға түсетін жүктемені де азайтпайды, оны қысқа мерзімге шоғырландырады.

Үш жылдық оқытудың нәтижесі қалай бағаланады

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2027 жылы университеттердегі үш жылдық оқыту жағдайларын талдауды жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық бизнес-қоғамдастықтар қатысады. Талдау қорытындысы бойынша кадрлар даярлау жүйесін реттеуге қатысты әрі қарайғы шаралар қабылданбақ. Яғни жауапта 2027 жылдан бастап барлық университетті үш жылдық оқытуға көшіру туралы шешім айтылмаған.

Білім беру бағдарламаларын нормативтік және қаржылық қамтамасыз ету тетіктерін талдау кезінде оқу қарқындылығы мен маман даярлауға жұмсалатын нақты шығындар ескеріледі. Сонымен бірге түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы, табысы, жұмыс берушілердің қанағаттану деңгейі және кәсіптік сертификаттау нәтижелері назарға алынбақ.

Back to top button