Жаңалықтар

Шымкентте салмағы 840 грамм болып туған сәби үйіне шығарылды

Шымкентте жүктіліктің 26-ші аптасында дүниеге келген ұл бала екі айға жуық ем-домнан кейін үйіне шығарылды. Туған кезде салмағы небәрі 840 грамм болған нәрестенің салмағы 2 келі 400 грамға жеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz OTYRAR басылымына сілтеме жасап.

Сәби бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Ұл бала 2026 жылғы 22 тамызда Шымкент қалалық №2 ауруханасында дүниеге келген. Туған кездегі бойы 31 сантиметр болған. Дәрігерлер нәрестені бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан. Кейін тыныс алуына көмектесетін CPAP терапиясына ауыстырған. Сәби арнайы зонд арқылы қоректеніп, дәрігерлер оның жағдайын тәулік бойы бақылаған.

Жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі Насиба Корганбаеваның айтуынша, ем барысында баланың жағдайы құбылып, күрделі кезеңдер де болған. Дегенмен екі айға жуық уақыт ішінде нәресте салмақ қосып, 2 келі 400 грамға жеткен.

«Кішкентай болғаны сонша, жақындауға да қорықтым»

Сәбидің анасы Айша Канходжаева ұлы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы күндердің өзі үшін аса ауыр болғанын айтты.

«Баламды алғаш көргенде қатты қорықтым. Кішкентай болғаны сонша, оған жақындауға да қорықтым. Бірақ дәрігерлердің күтімі мен қолдауының арқасында ұлымыздың өсіп, күш жинап келе жатқанын көрдік», – деді ол.

Шамамен 60 күн бойы ем алып, дәрігерлердің бақылауында болған сәби үйіне шығарылды. Бұл күнді асыға күткен отбасы нәрестеге көмек көрсетіп, күтім жасаған дәрігерлер мен мейіргерлерге алғыс айтты.

Back to top button