TOP-2Жаңалықтар

18 жасқа толған балаларды кредиттен қалай қорғауға болады: маман кеңесі

Бұрын микроқаржы ұйымында менеджер болып жұмыс істеген маман ата-аналарға маңызды ескерту жасады. Ол кәмелет жасына толған жастардың ойланбастан несие алып, кейін қарызын өтей алмай қалатын жағдайлары жиі кездесетінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұрынғы қызметкер ата-аналарды балаларымен алдын ала сөйлесіп, eGov арқылы кредит алуға шектеу қою мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

«Балалар ертең қайтармаймыз деп ойлап, займ ала береді»

Бұрынғы менеджердің айтуынша, кейбір жастар микрокредит алудың салдарын толық түсінбейді. Олар қарызды уақытында қайтармаған жағдайда қандай жауапкершілік туындайтынын ескере бермейді.

«Ата-аналарға займда менеджер болған адамнан кішігірім кеңес болсын. Балаңыз 18 жасқа толғанда eGov арқылы барлық жерден кредит алуға тыйым қойыңыз. Еөп бала: «Ала салайық, ертең қайтармаймыз, кім сұрайды?» деп ойлайды», – дейді ол.

Әйел өзі жұмыс істеген ұйымда қарыз рәсімдеу кезінде клиенттердің жұмыс орны мен байланыс нөмірлері сұралғанын жеткізді.

«Біз менеджер болғаннан кейін оларды қабылдауымыз керек. Басқасын білмеймін, бізде жұмыс орнын айтады, байланыс нөмірін береді. Сол байланыс арқылы жұмыс істейтіні расталса – займ бере беретін», – деді бұрынғы қызметкер.

Оның сөзінше, жастардың кейбірі қарызды алғаннан кейін төлем жасауды тоқтатып, мәселенің салдарын бірден сезінбегендіктен, оған аса мән бермейді.

«Ата-аналары жылап келеді»

Бұрынғы менеджер өзі жұмыс істеген компанияда мерзімі өткен берешекті өндіріп алу тәртібі қалай жүргізілгенін де түсіндірді. Оның айтуынша, клиент төлемді кешіктірген жағдайда алғашқы 15 күн ішінде менеджерлер хабарласып, қарызды өтеуді талап еткен. Кейін іс компания заңгерлеріне берілген.

«Балалар қарызын төлемейді. Алғашқы 15 күн бізде жатады, өзіміз хабарласамыз. Одан кейін компанияның заңгерлеріне кетеді. Ол жақта шамамен алты ай жатады. Содан кейін жеке сот орындаушысына өтеді», – деді ол.

Маманның сөзінше, кейбір жастар банк шоттары бірден бұғатталмағандықтан, қарыз мәселесі өздігінен шешілді деп ойлайды. Уақыт өте берешек ұлғайып, оған қосымша шығындар қосылуы мүмкін.

«Балалар «Бірден бұғаттамады ма, болды» деп уайымсыз жүре береді. Ал бізде жатқан 15 күн, одан кейінгі алты ай, кейін жеке сот орындаушысының шығындары қосылып, бастапқы алған сомасы өсіп кетеді», – деп түсіндірді ол.

Бұрынғы менеджердің айтуынша, мәселе сот орындаушыларына жетіп, шоттарға шектеу қойылған кезде кейбір жастардың ата-аналары көмек сұрап келеді.

«Ата-аналары жылап келеді. «Ондай төлейтін ақшам жоқ” дейді. Біздің де жанымыз ашиды, заңгерлерге жазамыз. Олар жеңілдік жасауға рұқсат берсе –жасаймыз. Рұқсат бермесе – толық төлемін аламыз», – деді ол.

Айта кетейік, бұл – бұрынғы қызметкер сипаттаған ұйымдағы тәжірибе. Берешекті өндіріп алу мерзімі мен тәртібі әр жағдайда бірдей бола бермейді.

eGov арқылы кредит алуға қалай тыйым қоюға болады?

Бұрынғы менеджер ата-аналарға балалары кәмелет жасына толған кезде кредит алуға ерікті түрде шектеу қою қызметін пайдалануды ұсынды.

«Ұл болсын, қыз болсын, eGov арқылы тыйым қойыңыздаршы. Өзімнің балаларым бар, туған-туыстарымның бәріне осыны айтамын», – деді ол.

Қазақстанда «Стоп-кредит» қызметі жұмыс істейді. Оның көмегімен азаматтар банктерден қарыз және микроқаржы ұйымдарынан микрокредит алуға ерікті түрде тыйым қоя алады.

Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына немесе eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау қажет.

Маңыздысы – бұл шектеуді кәмелетке толған азаматтың өзі рәсімдейді. Ата-анасы оның орнына өз бетінше тыйым қоя алмайды. Қызмет тегін көрсетіледі. Шектеу мерзімсіз қолданылады, алайда азамат оны кейін өз еркімен алып тастай алады.

Мұндай мүмкіндік жастарды ойланбай қарыз алудан сақтандыруға көмектесуі мүмкін. Дегенмен мамандар қаржылық жауапкершілік туралы балалармен алдын ала сөйлесудің де маңызы зор екенін ескертеді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button