[ulys_info_ticker]
ЖаңалықтарПікір

«Сағат 17:00-де қараңғы»: журналист Семейдегі жағдайды көрсетті

Журналист Руслан Өтепбай Семей қаласында күннің ерте бататынын айтып, Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәселені көтерді. Оның әлеуметтік желіде жариялаған видеосы қызу талқыланып, тұрғындар уақыттың өзгеруі күнделікті өміріне кері әсер еткенін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Сағат 17:00-де айнала тас қараңғы болады»

Журналист Руслан Өтепбай Семей қаласында түсірген видеосында күннің ерте бататынына назар аударды. Оның айтуынша, қалада кешкі сағат 17:00 шамасында айнала қараңғыланып кетеді.

«Ардақты ағайын, дәл қазір біз Семей қаласындамыз. Бұл жақта күн кешкі сағат 17:00-де батады екен. Сағат бесте айнала дәл осындай қараңғы болып тұрады.»Семейліктер “Уақытты қайтарыңдар, қайтарыңдар!» деп неге азар да безер болып жүр десем, мәселе осында екен. Шығыс болғаннан кейін таң сағат 5:45-те атады. Ал желтоқсан, қаңтар айларында дәл осындай қараңғылық сағат 15:30-да түседі. Ойлаңыздаршы, күндізгі сағат үш жарымда Семейде тас қараңғы болады», – деді журналист.

Осылайша Руслан Өтепбай еліміздің шығыс өңірлеріндегі тұрғындарды алаңдатып отырған уақыт белдеуі мәселесіне назар аударды.

«Бізден кешкі өмірімізді, еркіндігімізді алып қойды»

Журналистің видеосына пікір қалдырған желі қолданушылары да күннің ерте батуы күнделікті тұрмысқа қолайсыздық туғызатынын жазды. Олардың бірі уақыт белдеуінің өзгеруі адамдардың жеке өміріне де әсер еткенін жеткізді.

«Бізден күндізгі бірнеше сағатты ғана емес, жеке уақытымызды, кешкі өмірімізді, еркіндігімізді алып қойды. Біз күндізгі жарық жетіспеушілігімен өмір сүріп жатырмыз», – деп жазды желі қолданушысы.

Тағы бір тұрғын күннің ерте қараңғылануы электр энергиясын тұтынуға да әсер еткенін айтты.

«Сағат 15:30-да үйде жарық жағып отырамыз. Электр энергиясы үшін екі есе көп төлейтін болдық», – деп жазды ол.  «Өскеменде күн одан да ерте батады»

Желі қолданушыларының бірі Семейдегі жағдаймен қатар Өскемен қаласындағы күннің ерте батуы мәселесін де көтерді.

«Өскеменде күн одан да ерте батады. Сол жаққа барып көріңізші», – деп жазды ол.

Айта кетейік, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан аумағында бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуі енгізілді. Соның нәтижесінде еліміздің шығыс өңірлерінде сағат тілі бір сағатқа кейін жылжытылды.

Содан бері уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып келеді. Әсіресе шығыс өңірлерінің бірқатар тұрғыны күннің ерте қараңғылануы жұмыс, оқу және күнделікті тұрмыс кестесіне қолайсыздық туғызатынын алға тартып жүр.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button