$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
Без рубрики

Арсен Томский Астанада роботакси іске қосуды жоспарлап отыр

Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметі іске қосылуы мүмкін. inDrive, қытайлық Pony.ai және америкалық NVIDIA компаниялары автономды жолаушылар тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін алғашқы қала ретінде Астана таңдалған, деп хабарлайды Tizgin.kz Forbes.kz-ке сілтеме жасап.

Роботакси қалай жұмыс істейді

Келісім аясында тараптар Pony.ai компаниясының жүргізушісіз көліктерін inDrive платформасына біріктіру бойынша жол картасын әзірлемек. Жобада NVIDIA Hyperion технологиялық платформасы мен NVIDIA Halos қауіпсіздік жүйесін пайдалану көзделген.

Жоспарға сәйкес, Pony.ai роботаксидің жетінші буындағы (Gen-7) көліктерін ұсынады. inDrive жолаушылардың сапарға тапсырыс беруіне арналған платформа мен сервис жұмысын ұйымдастыруға жауап береді. Ал NVIDIA жобаны жасанды интеллект инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді.

Компаниялар төртінші деңгейдегі автономды басқару технологиясын пайдалануды қарастырып отыр. Бұл – көлік белгілі бір жағдайларда және алдын ала белгіленген географиялық аумақта жүргізушінің тікелей қатысуынсыз қозғала алады деген сөз. Алайда мұндай технология көліктің кез келген жолда және барлық жағдайда адам көмегінсіз жүре алатынын білдірмейді.

Жобаны іске қосу үшін технологиялық мүмкіндіктерді, қызмет көрсету тәртібі мен заңнамалық талаптарды жан-жақты зерделеу қажет. Сондай-ақ бастама Қазақстан үкіметімен келісуді талап етеді.

Арсен Томский жобадан не күтеді

inDrive негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Арсен Томскийдің айтуынша, компаниялар жаңа технологияның Қазақстан жолдарында қалай жұмыс істейтінін және оның жолаушылар мен жүргізушілерге қандай мүмкіндіктер ұсынатынын зерттемек.

«Біз NVIDIA және Pony.ai компанияларымен бірге бұл технологияның Қазақстан жолдарында қалай жұмыс істейтінін, жолаушылар үшін қандай мүмкіндіктер ашатынын зерттегіміз келеді. Қазақстан үкіметі жүргізушісіз көліктерді дамыту үшін заманауи нормативтік және технологиялық базаны қалыптастырып жатыр. Біздің тәжірибеміз мұндай шешімдерді басқа елдерде де енгізуге көмектесуі мүмкін», – деді Томский.

Pony.ai технологиялары Қытайдың ірі қалаларында коммерциялық мақсаттағы жүргізушісіз тасымал қызметтерінде қолданылып келеді. Компанияның шешімдері Азияның басқа елдерінде, Еуропа мен Таяу Шығыста да сынақтан өткізілген және пайдаланылған.

Егер Астанадағы жоба сәтті жүзеге асса, серіктестер роботакси қызметін Қазақстанның басқа қалаларында іске қосу мүмкіндігін қарастырады. Кейін сервисті inDrive жұмыс істейтін шетелдік нарықтарға шығару мәселесі де талқылануы мүмкін.

Әзірге тараптар жобаны дайындау кезеңінде. Сондықтан роботаксидің Қазақстан көшелерінде нақты қай уақытта пайда болатыны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Back to top button