-18 градус суық, жаңбыр, тұман: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Елдің басым бөлігінде 24-26 қазан күндері ауа райы құбылып, қар жауып, кей өңірде боран соғады. Синоптиктер тұман мен көктайғақ болатынын да ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қар қай өңірде жауады
«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері атмосфералық фронттар өтуіне байланысты елдің көптеген өңірінде жауын-шашын күтіледі. Онымен қоса, қар да жауады.
Синоптиктер 24 қазан күні елдің шығысында жаңбыр аралас қар жауады деп болжады. Қарағанды облысында үш күн бойы жауын болуы мүмкін. Ал елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында 24 қазанда қалың қар жауып, боран соғуы ықтимал.
Сонымен қатар көптеген өңірде тұман түседі. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда көктайғақ болуы мүмкін.
Шығыста күн күрт суытады
Синоптиктер болжамынша, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнде -1-8 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Өңірлер бойынша ауа температурасы әртүрлі болады. Батыста күндіз ауа температурасы +11…+18 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстікте түнгі температура -4…-10 градустан 0…+5 градусқа дейін құбылып, күндіз +2…+11 градус аралығында болады.
- Орталық Қазақстанда түнде -2…-10 градус аяз күтіледі. Күндіз ауа температурасы 0…+12 градус аралығында өзгереді.
- Шығыс Қазақстанда түнгі температура -5…-10 градусқа дейін төмендейді. Ал таулы аудандарда аяз -13…-18 градусқа жетуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы -5…+5 градус аралығында болады.
- Оңтүстікте күндіз +8…+15 градус жылы болса, оңтүстік-шығыста температура +2…+12 градус аралығында құбылады. Бұл өңірдің таулы аудандарында түнгі және күндізгі ауа температурасы -1…-6 градус шамасында болуы ықтимал.