Жаңалықтар

Президент 120 медицина қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Марапатталғандар қатарында жұмысшылар, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, ғалымдар мен өнер өкілдері бар, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік наградалар елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, қоғамдық қызметте белсенділік танытқан азаматтарға берілді.

Балқытушыға Еңбек Ері атағы, өнер өкілдеріне жоғары марапаттар берілді

Өндірістегі айрықша еңбегі үшін «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы А. Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Композитор, мәдениет қайраткері А. Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» орденіне «Концерн TNS-group» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Т. Джумагулов пен актер Н. Ықтымбаев ие болды. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен білім саласының ардагері Е. Мәмбетқазиев пен альпинист К. Валиев марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Ново-Приречное» ЖШС директоры В. Тюркинге, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы С. Шаңғытовқа және өзге де азаматтарға берілді.

«Парасат» орденімен ғылым, мәдениет және өндіріс салаларының өкілдері марапатталды. Олардың арасында «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д. Жұмбеков, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Н. Уәли, археолог А. Подушкин, Қарағанды медицина университетінің профессоры М. Түсіпбекова және «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев бар.

Өнер қайраткерлері Т. Мұсабаев пен Н. Өтеуловке «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Ал Б. Баймен, Т. Мүсілім, П. Палтаев, М. Сайланбек, А. Темкина және басқа да мәдениет өкілдері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

Жұмысшылар, ұстаздар мен дәрігерлердің еңбегі бағаланды

«Құрмет» орденіне мұнай-газ, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қайырымдылық және әлеуметтік сала өкілдері ие болды. Олардың қатарында «Өзенмұнайгаз» АҚ кран машинисі Б. Досқарин, медицина мекемелерінің қызметкерлері Е. Кальмбах пен Б. Медетбаев, «Астык-STEM» ЖШС бас агрономы Т. Хамидуллин бар.

Сондай-ақ осы орденмен онкологиялық науқастарды қолдайтын «Здоровая Азия» қорының негізін қалаушы Н. Плохих пен «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы А. Мусафирова марапатталды.

Қоғамдық келісім мен ұлтаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін этномәдени бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдеріне «Ел бірлігі» ордені берілді. Олардың арасында Алматыдағы Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрағасы Г. Аннакулиева, Қарағанды облысындағы «Вайнах» бірлестігінің төрағасы У. Джанаев, «Қазақстан немістерінің “Возрождение” бірлестігі» қорының атқарушы директоры Д. Редлер және Tamos Space School мектебінің мұғалімі Д. Ромащенко бар.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де өндіріс салаларының қызметкерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Педагогтер Н. Каранда, К. Мажитова, Е. Омарханов және Н. Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілді. Бірқатар медицина қызметкері, соның ішінде Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры Т. Таркина «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарған, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда ерлік пен жанқиярлық танытқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де марапатталды. Оларға І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендері, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары берілді.

Ақорданың мәліметінше, мемлекеттік наградаларға 129 еңбек ардагері, өндірістің түрлі саласында еңбек ететін 473 жұмысшы мен қызметкер, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден астам педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері, сондай-ақ басқа да азаматтар ие болды.

Back to top button