Жаңалықтар

«Өзенмұнайгазда» тексеріс жүргізіле ме – ҚазМұнайГаз басшысы жауап берді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов құзырлы органдар талап қойған жағдайда «Өзенмұнайгазда» тексеру жүргізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Хасенов не деді

Tizgin.kz Маңғыстау облысында адамдардың ұсталғаны туралы тараған ақпаратқа байланысты ҚазМұнайГаз басшысына сұрақ қойған. Аталған хабарламалар өңірдегі мұнай кәсіпорындарының қызметімен байланысты екені айтылғанымен, нақты адамдардың іске қатысы мен оқиғаның мән-жайы ресми түрде нақтыланбаған. Осы жағдайға байланысты «Өзенмұнайгаз» АҚ-да тексеру жүргізілуі мүмкін бе деген сауалға Хасенов қысқа жауап берді.

«Егер құзырлы органдар осындай талап қойса, онда иә», – деді Асхат Хасенов.

Оның жауабында тексерудің басталғаны немесе оны жүргізу туралы шешім қабылданғаны айтылған жоқ.

Маңғыстаудағы тергеу туралы не белгілі

Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау өңірінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған. Алайда іс аясындағы адамдардың нақты қандай әрекетке күдікке ілінгені және тергеудің өзге мән-жайы жарияланған жоқ. Kazinform агенттігі бұған дейін өңірде мұнай-газ саласы қызметкерлерін жаппай наразылыққа шығаруды көздеген топтың әрекеті тоқтатылғанын хабарлаған. Агенттік жариялаған болжам бойынша, топ мүшелері жұмысшыларды арандату арқылы «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан қаржыландыруды арттыруға тырысқан-мыс. ҰҚК бұл мәліметтерге қатысты қосымша түсініктеме бермеген.

Back to top button