TOP-1Сараптама

Қолма-қол ақша түссе бірден несиені жапқан тиімді ме, әлде қор жинаған дұрыс па

Банкке артық пайыз төлемеу үшін несиені қалай өтеген дұрыс

Қолға қосымша ақша түскенде несиені мерзімінен бұрын өтеу тиімді ме, әлде оны депозитте сақтаған дұрыс па? Бұл сұрақтың жауабы қарыздың құнына, депозиттің кірістілігі мен отбасының қаржылық жағдайына байланысты. Ай сайын төлемді азайту бюджетке түсетін салмақты жеңілдетсе, несие мерзімін қысқарту жалпы пайыздық шығынды көбірек үнемдеуі мүмкін. Tizgin.kz қарыз алушыларға осы нұсқаларды салыстырып, өзіне қолайлы шешім қабылдауға көмектесу үшін несиені ерте өтеудің қай кезде тиімді болатынын талдап көрді.

Ең дұрысы, базалық мөлшерлеме жоғары кезде несиеге жоламаған жөн. Ал аяқ астынан ақша керек болып қалса, қарызға жүгінбей шығудың амалы бар ма? Ол үшін отбасының кемінде үш-алты ай күн көруіне жететін ақшасы бөлек жиналып тұруы керек.

Мысалы, отбасының ай сайынғы шығыны 500 мың теңге болса, қауіпсіздік қоры 1,5-3 млн теңге болғаны дұрыс. Күтпеген шығын пайда болса, осы ақшадан қажетіне қарай жұмсайды. Қиындық артта қалған соң, қорды ай сайын аз-аздан қоса отырып, біртіндеп қайтадан толықтырады. Сонда шұғыл ақша керек болғанда банкке жүгіріп, үстінен пайыз төлеудің қажеті болмайды.

Әрине, мұндай қорды жинап үлгермегендер де бар. Бірі емделуге, енді бірі үйін жөндеуге немесе басқа да қажеттілікке несие алады. Қарыз алып қойған жағдайда енді оны қалай тезірек әрі аз шығынмен жабуға болатынын ойлау керек. Бірақ қолдағы ақшаның бәрін несиеге құя салу да дұрыс шешім бола бермейді.

Сонымен, несиені мерзімінен бұрын өтеген қай кезде тиімді? Қай жағдайда ақшаны депозитте қалдырған жөн? Ал қарызды ішінара өтесеңіз, ай сайынғы төлемді азайтқан дұрыс па, әлде несие мерзімін қысқартқан ба? Осы сұрақтарды тарқатып көрейік.

20,5 млн халық, 26,5 трлн теңге несие

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 1 қыркүйектегі мәліметі бойынша, банктердің халыққа берген кредиттерінің жалпы көлемі 26,5 трлн теңгеге жеткен. Оның 17,6 трлн теңгесі тұтынушылық кредиттерге, 7,8 трлн теңгесі ипотекаға тиесілі. Басқаша айтсақ, тұтынушылық кредиттердің үлесі 66,4%, ипотеканың үлесі 29,4% болады. Қалған 1,1 трлн теңге басқа санаттарға жатқызылған.

Тұтынушылық кредиттер портфелі жыл басынан бері 5,9%, ипотекалық қарыздар 11,5% өскен. Ал 1 қыркүйекте банк секторындағы мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық кредиттердің көлемі 1,9 трлн теңге болған. Бұл бүкіл банк секторындағы несие портфелінің 4%-ына тең.

Несие пайызының шегі

Қазақстанда кредит құнына заңмен шек қойылған. Кепілсіз банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 46%-дан, кепілмен берілетін банк қарыздарының мөлшерлемесі 35%-дан аспауға тиіс. Ипотекаға бөлек шек қолданылады.

Мұнда айтайық дегеніміз, жарнамадағы номиналды пайызға сеніп несие алудың қосымша тәуекелдері болуы мүмкін. Борыш рәсімдемей тұрып, келісімшарттағы ЖТСМ-ді тексерген жөн. Әсіресе тұтынушылық кредиттер мен микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғанда шынайы пайыз мөлшерлемесі қанша екеніне көз жеткізу маңызды.

Ипотеканы мерзімінен бұрын жапқан тиімді ме

Ипотека ұзақ мерзімге берілетіндіктен, негізгі қарызды ертерек азайту болашақта төленетін пайызды қысқартуы мүмкін. Бірақ шешім қабылдамас бұрын ипотека бойынша үнемделетін пайызды депозиттен түсетін таза кіріспен салыстыру қажет.

Егер ипотека мөлшерлемесі депозиттің таза кірістілігінен жоғары болса, ал отбасының төтенше жағдайға арналған қоры жеткілікті болса, қарызды мерзімінен бұрын өтеу тиімді болуы мүмкін. Ал төмен пайызбен алынған жеңілдетілген ипотекада ақшаны депозитте сақтау ұтымдырақ болуы ықтимал.

Ипотеканы ішінара өтегенде банктен екі нұсқа бойынша жаңа төлем кестесін сұраған дұрыс.

Несие мерзімін қысқарту әдетте жалпы пайыздық шығынды көбірек азайтады: Өйткені негізгі қарыз жоспардан ертерек өтеледі. Ал ай сайынғы төлемді азайту отбасы бюджетіне түсетін салмақты жеңілдетеді. Табыс тұрақсыз болса немесе басқа міндетті шығындар көп болса, екінші нұсқа қолайлырақ болуы мүмкін.

Мысалы, ипотека бойынша ай сайын 200 мың теңге төлеп жүрсеңіз және қолыңызға ірі сома түссе, оны негізгі қарызды азайтуға бағыттауға болады. Банк мерзімді қысқартса, бұрынғы төлем мөлшерін сақтап, қарыздан ертерек құтыласыз. Төлемді азайтса, ай сайын бюджетіңізде көбірек ақша қалады. Қай нұсқада қанша пайыз үнемделетінін банктен алынған жаңа кестелер арқылы салыстырған жөн.

Автонесиені қалай бағалау керек 

Автонесие алғанда да жарнамадағы пайызға ғана қарауға болмайды. «Автонесие 20 пайыздан» деген ұсыныстар қарыз алушының барлық шығыны тура 20% болады дегенді білдірмейді.

Мысалы, банктің шартында номиналды мөлшерлеме жылына 20% деп көрсетілгенімен, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) комиссиялар, сақтандыру және шарттың басқа талаптары есебінен жоғары болуы мүмкін. Сондықтан интернеттен несие калькуляторы арқылы немесе қаржылық сауаты бар маманның көмегімен қарыздың нақты құнын есептеп алған маңызды.

Алған автонесиеңіздің пайызы қымбат болса, мерзімінен бұрын өтеу пайыздық шығынды азайтады. Бірақ қолдағы барлық ақшаны қарызға жұмсап, күтпеген шығынға қаражатсыз қалмау керек. Ішінара өтеген кезде мерзімді қысқарту мен ай сайынғы төлемді азайту нұсқаларын салыстырған жөн.

Тұтынушылық кредитті қай кезде бірінші өтеу керек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биылғы 1 қыркүйекте халыққа теңгемен берілген кредиттердің орташа мөлшерлемесі 20,6% болған. Бұл –  орташа көрсеткіш, нақты несие мөлшерлемесі әркімде әрқалай.

Бірнеше қарызыңыз болса, алдымен нақты құны жоғары кредитті өтеуді қарастырған жөн. Әсіресе микроқаржы ұйымдарынан алынған микрокредиттер қымбатқа түсуі мүмкін. Оларды мерзімінен бұрын өтеу болашақтағы пайыздық шығынды азайтады.

Номиналды мөлшерлеме қарызға есептелетін сыйақыны көрсетеді, ал ЖТСМ кредитке байланысты қосымша шығындарды да ескереді. Сондықтан несие құнын салыстырғанда ЖТСМ қанша болатынын міндетті түрде сұрау қажет.

«Рассрочканы» мерзімінен бұрын жабу керек пе 

Егер бөліп төлеу шынымен пайызсыз болса, комиссиялар мен жасырын төлемдер болмаса, ақшаны бірден жұмсамай депозитте сақтау тиімді болуы мүмкін. Бірақ бұл қажет шығынның бәріне «рассрочка» алу тиімді дегн сөз емес. Өйткені банк негізгі қарызға үстейтін пайыздың жиынтық сомасын тауардың бастапқы құнына салса да пайдададан қағылмайды. Бірақ банктен қарыз алудан басқа жол қалмағанда несиеден гөрі «рассрочка» алу тиімді деп есептеледі. Келісімшартта ешқандай жасырын пайыз жоқ екеніне көз жеткізсеңіз, бөліп төлейтін қарызды неғұрлым ұзақ мерзімге алу тиімді болады. Бір жағынан уақыт өткен сайын ай сайынғы төлем құсызданады, екінші жағынан ай саны көбейген сайын тұрақты төлейтін сома азаяды.

Мысалы, тұрмыстық техника 1 млн теңге тұрады делік. Оны 24 айға бөліп төлегенде ай сайын шамамен 41 667 теңгеден төлеу керек. Алғашқы үш айдың төлемі жасалғаннан кейін адамның қолына 875 мың теңге түсті дейік. Қалған 21 айдағы төлемнің жалпы сомасы да шамамен 875 мың теңге болады.

Осы 875 мың теңгені жылдық кірістілігі 14% депозитке салып, ай сайын одан 41 667 теңгеден алып отырса («рассрочка» төлеміне), 21 айдан кейін шотта 131 мың теңге қалады.

Демек, бөліп төлеу шынымен пайызсыз болса, ақшаны депозитте сақтап, ай сайынғы төлемді сол қаражаттан жасау тиімді болуы мүмкін. Бірақ бұл мысал депозит ақшаның құнын сақтайтын құрал дегенді білдірмейді. Бейресми есептер бойынша, әрбір 6-7 жылда теңгенің сатып алу қабілеті 50 пайыз азаяды. Басқаша айтсақ, қазіргі 1 млн теңгеге 6-7 ждылдан кейін 500 мың теңгенің ғана дүниесін сатып аласыз.

Мерзімінен бұрын өтеуге дайындық 

2025 жылдың 31 тамызынан бастап жеке тұлғалар кредиттерін мерзімінен бұрын айыппұлсыз өтей алатын норма күшіне енген. Бұл мүмкіндік бұрын жасалған шарттарға да қолданылады.

Қарызды ертерек жаппас бұрын банктен мерзімінен бұрын өтегенде қанша пайыз үнемделетінін сұраңыз. Ішінара өтеу кезінде мерзімді қысқарту мен ай сайынғы төлемді азайту нұсқаларын салыстырыңыз. Депозиттен түсетін таза табысты несие құнымен салыстырып, қолдағы ақшаның бәрін жұмсамай, күтпеген шығынға арналған қор қалдырыңыз.

Қымбат тұтынушылық кредит пен микрокредитті ертерек өтеу көбіне пайыздық шығынды азайтады. Ал пайызсыз бөліп төлеу кезінде ақшаны кіріс әкелетін депозитте сақтау ұтымды болуы мүмкін.

“Несие алғанда дифференциалды түрін таңдау дұрыс. Банктер ондай несиені беруге ынталы емес. Қалай десек те ол аннуитеті несиеден тиімдірек. Бастапқы айларда үлкен аннуитетті төлемнен артық төлегенмен, ең аяғында аз пайыз төлеген болып шығасыз. Несиеңіздің төлемі айына 100 мың теңге ғана деген сөзге алданбау керек. Ай сайынғы төлем мөлшерін, алатын қарыздың жалпы сомасы мен неше жылға алатыныңызды енгізу арқылы интернеттегі несие калькуляторынан шынайы пайызды есептеп алуға болады. Егер аннуитетті кестемен несие төлеп жүрген болсаңыз,  кесте бойынша ай сайынғы төлемді енгізгеннен кейін бірден артық ақшаны ішінара мерзімінен бұрын төлемге салыңыз. Бұл ақша банктің пайызын жабуға емес, негізгі қарызды азайтуға кетеді. Несиені мерзімінен бұрын жапқан кезде ай сайынғы төлемді азайтқаннан несие жылын қысқартқан тиімді. Өйткені мерзім неғұрлым қысқа болса, банкке төлейтін пайыз  соғұрлым аз болады”, – дейді қаржы кеңесшісі Батырхан Елемес.

Оның сөзінше, несиені мерзімінен бұрын жапсаңыз, банкке өтініш жазып, сақтандыруға төлеген ақшаның бір бөлігін қайтарып алу керек. Кей жағдайда ол өтінішіңіз қанағаттандырылуы мүмкін.

Back to top button