Экономика

Қазақстан компаниялары Орталық Азия нарығында көш бастап тұр

Орталық Азиядағы ең ірі 20 компанияның 13-і Қазақстанға тиесілі, ал рейтингтің алғашқы жеті орнын отандық компаниялар иеленді. Бұл Қазақстан бизнесінің өңірдегі экономикалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Көшбасшылар қатарында «ҚазМұнайГаз», Kaspi.kz, «Қазатомөнеркәсіп», Freedom, Halyk Bank, Solidcore және Higgsfield бар.

Рейтингте мұнай-газ және тау-кен өндірісі салаларындағы кәсіпорындармен қатар, қаржы, финтех және жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін компаниялар да ұсынылған. Мәселен, Kaspi.kz цифрлық қаржы қызметтерін дамытса, Freedom қаржы және инвестиция саласында жұмыс істейді, ал Higgsfield жасанды интеллект негізіндегі өнімдер әзірлейді. Бұл Қазақстан экономикасында дәстүрлі салалармен қатар, цифрлық технологиялар мен инновациялық кәсіпкерліктің де маңызы артып келе жатқанын аңғартады.

Сарапшы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, қазақстандық компаниялардың жетістігіне кәсіпкерлікке қолайлы жағдай, экономикалық ортаның болжамдылығы, дамыған қаржы жүйесі және мемлекеттік қолдау ықпал етеді. Ендігі міндет – отандық бизнестің әлеуетін арттырып, қазақстандық өндірушілерге басымдық беру және технологиялық компаниялардың халықаралық нарықтағы орнын нығайту.

– Орталық Азиядағы ең ірі 20 компанияның 13-і Қазақстанға тиесілі, ал рейтингтің алғашқы жеті орнын отандық компаниялар иеленген. Бұл көрсеткіштер еліміздің экономикалық әлеуеті туралы қандай тұжырым жасауға мүмкіндік береді?

– Қазақстан экономикасының қалыптасуы мен дамуына еліміздің табиғи ресурстары, әсіресе мұнай қорының мол болуы айтарлықтай ықпал етті. Бұл экономиканың өсуіне қажетті бастапқы мүмкіндіктерді қалыптастырды. Сонымен қатар 1990 жылдары нарықтық реформалардың ерте қолға алынуы мен кәсіпкерлік еркіндігінің қамтамасыз етілуі отандық компаниялардың дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде бизнес өкілдері өз қызметін кеңейтіп, нарық жағдайына бейімделіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік алды.

Қазақстанның ірі компанияларының қалыптасуы мен дамуы еліміздің экономикалық әлеуетін және бизнес жүргізуге қолайлы мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Дегенмен экономиканың одан әрі дамуы үшін оның құрылымын жетілдіріп, шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беру маңызды.

Болашақта жоғары технологияларға негізделген компаниялардың көбеюі де ерекше мәнге ие. Мұндай кәсіпорындардың дамуы экономиканы әртараптандыруға, инновациялық әлеуетті арттыруға және қазақстандық бизнестің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және инвестиция тартуға жүйелі түрде басымдық беріп келеді. Қазақстандық компаниялардың өңірлік рейтингтегі орны осы саясаттың нәтижелерінің бірі деуге бола ма?

– Компаниялардың өсіп-өркендеуі ең алдымен олардың иелерінің іскерлік қабілетіне, басқару тәжірибесіне және даму стратегиясына байланысты. Сонымен қатар бизнестің табысты дамуына қолайлы реттеуші саясат пен тұрақты саяси-экономикалық ортаның да ықпалы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және инвестиция тартуға бағытталған саясаты да осы үдерісте маңызды рөл атқарады.

Кәсіпкерлер өз ісін ұзақ мерзімді жоспарлап, жаңа жобаларға инвестиция салуы үшін елдегі экономикалық жағдайдың болжамды болуы және жеке меншік құқығының сенімді қорғалуы маңызды. Бұл факторлар бизнеске деген сенімді арттырып, компаниялардың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды шарт – қаржы жүйесінің дамуы. Отандық көптеген компанияның қалыптасып, ауқымын кеңейтуіне банк секторы елеулі үлес қосты. Банктер кәсіпорындарды қаржыландыруға, жаңа жобаларды іске асыруға және бизнестің өсуіне қажетті ресурстарға қол жеткізуге көмектеседі. Сондықтан дамыған қаржы жүйесі, кәсіпкерлікке қолайлы орта және жеке меншік құқығының қорғалуы ұлттық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың ұзақ мерзімді табысына негіз болады.

– Kaspi.kz және Higgsfield секілді компаниялардың жетістігі Қазақстанның цифрлық қаржы мен жасанды интеллект саласындағы әлеуетін көрсетеді. Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту саясаты отандық технологиялық компаниялардың халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға қалай ықпал ете алады?

– Жалпы, бұл әлемдік экономикадағы ауқымды өзгерістерді көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы компанияларға арналған реттеушілік құмсалғыштың құрылуы және банк секторын дамытуға қолайлы жағдайлардың жасалуы да маңызды рөл атқарды. Осының нәтижесінде компаниялар қысқа уақыт ішінде қарқынды дамып, өз мүмкіндіктерін кеңейте алды. Бұған мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізу және бизнесті дамытуға бағытталған қолайлы реттеушілік шешімдер де ықпал етті.

Kaspi.kz және Higgsfield секілді компаниялардың жетістігі Қазақстанның цифрлық қаржы мен жасанды интеллект саласындағы әлеуетін айқын көрсетеді. Менің ойымша, Higgsfield компаниясының табысы цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатпен ғана байланысты емес. Мұнда білім беру жүйесінің де маңызы зор. Бұл сапалы білім мен кәсіби даярлықтың технологиялық кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін көрсетеді.

Сондықтан компаниялардың жетістігін бағалағанда, мемлекеттік саясатпен қатар, білім беру жүйесіне де назар аудару қажет. Адамның қалыптасуына мектептегі тәрбие мен білімнен бастап, университетте алған білімі мен кәсіби дағдыларына дейінгі барлық кезең әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, білікті мамандар даярлау мен сапалы білім беру – Қазақстанда инновациялық компаниялардың дамуына негіз болатын маңызды факторлардың бірі.

– Қазақстандық компаниялардың өңірлік рейтингтегі көшбасшылығы еліміздің Орталық Азиядағы экономикалық позициясына қалай әсер етеді? Қазақстанның дәстүрлі салалардағы әлеуетін сақтай отырып, финтех, жасанды интеллект және инновациялық кәсіпкерлікті дамытуда да өңірдегі жетекші орталықтардың біріне айналуы үшін қандай жағдайлар қажет?

– Менің ойымша, қазір отандық компанияларды қолдауға және олардың әлеуетін арттыруға басымдық беру маңызды. Қазақстандық өндірушілер мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау еліміздің экономикалық дамуына серпін береді. Kaspi.kz және басқа да отандық компаниялардың жетістігі Қазақстанда бизнесті дамытуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және ірі компаниялар қалыптастыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Бұл ретте экономикалық ортаның тұрақтылығы мен болжамдылығы да ерекше рөл атқарады.

Қазақстандық компаниялардың жетістігі еліміздің Орталық Азиядағы экономикалық позициясын нығайтуға ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан финтех саласын дамытудағы өңірлік орталықтардың бірі саналады. Ендігі міндет – осы әлеуетті одан әрі арттырып, отандық технологиялық әзірлемелерді дамытуға және қазақстандық кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету.

Бұл бағытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды. Мемлекеттік тапсырыстар отандық компаниялардың дамуына, жаңа өнімдер әзірлеуіне және ірі жобаларға қатысуына жол ашады. Мысалы, АҚШ-та NASA-мен жасалған келісімшарттар Илон Маск негізін қалаған компаниялардың дамуына ықпал етті. Қытайдың технологиялық компанияларының қалыптасуында да мемлекеттік қолдаудың өзіндік орны бар.

Осы тәжірибелерді ескере отырып, Қазақстанда мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар кезінде отандық компанияларға басымдық беру маңызды. Бұл қазақстандық өндірушілердің әлеуетін кеңейтіп, ұлттық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің өңірлік технологиялық көшбасшылық позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Back to top button