TOP-2Тергеу

Астанада 74 адамға жүргізуші куәлігі заңсыз берілген: іс сотқа жолданды

Астанада 74 азаматқа жүргізуші куәлігі заңсыз берілгені анықталып отыр. Осыған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен делдалдар ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында әрекет еткен деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Емтихан нәтижелері базаға жалған енгізілген

Тергеу дерегінше, күдіктілер міндеттерін өзара бөлісе атқарған. Делдалдар теориялық емтихан тапсырушыларға дұрыс жауаптарды айтып отырған. Ал арнайы ХҚО қызметкерлері олардың практикалық емтиханнан өткені туралы ақпаратты базаға жалған енгізген.

«Тергеу барысында сыбайластардың рөлдерді бөліскені анықталды: ғимарат маңында жүрген делдалдар емтихан тапсырушыларға теориялық сұрақтардың жауаптарын айтып отырған, ал орталық қызметкерлері практикалық емтиханнан өткені туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық базаға енгізген», – деп хабарлады Астана прокуратурасы.

Осы схема арқылы 74 азаматқа жүргізуші куәлігі заңсыз берілгені анықталған.

Алты адам қамауға алынды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық істі тергеуді аяқтап, материалдар сотқа жолданған.

Іс бойынша алты адамға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Үш адамнан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған, тағы бір адам үйқамаққа алынған.

Back to top button