TOP-2Жаңалықтар

Үш адам қазасы: Пактың достары қайта тергелетін болды

Алматы қаласының прокуратурасы үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі Александр Пактың таныстарына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойды. Енді тергеушілер олардың көрінеу жалған айғақ беруі мүмкін деген деректі қайта тексереді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Полиция істі қылмыс құрамының болмауына байланысты жапқан

Александр Пактың таныстарына қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің 420-бабының 1-бөлігі – көрінеу жалған айғақ беру дерегі бойынша жүргізіліп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, жол апаты болардың алдында Пакпен бірге «У Афанасича» мейрамханасында отырған адамдар құқық қорғау органдарына жалған мәлімет беріп, тергеуді жаңылыстыруға әрекеттенуі мүмкін.

Бұған дейін полиция бұл қылмыстық істі «қылмыс құрамының болмауына байланысты» тоқтатқан еді. Алайда Алматы қаласының прокуратурасы аталған шешімнің күшін жойып, тергеуді қайта жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Ведомство Tengri Live редакциясының ресми сауалына берген жауабында жалған айғақ беру дерегі бойынша тергеудің қайта жанданғанын растады.

Жол апатынан үш адам қаза тапқан

Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған. 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак басқарған Zeekr 001 электромобилі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Тергеу материалдарына сәйкес, Zeekr көлігінің жылдамдығы сағатына шамамен 219 шақырымға жеткен. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Марқұм болған жүргізуші 29 жаста еді.

Енді тергеушілер жол апатының алдында Пакпен бірге болған адамдардың берген айғақтарын қайта зерделеп, олардың әрекетіне құқықтық баға береді.

Back to top button