TikTok-та балағат сөз айтқан адам жазаланды: полиция тұрғындарға ескерту жасады
Түркістан облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде балағат сөз айтқан 34 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған айыппұл салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға Сарыағаш ауданында тіркелген. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok платформасындағы тікелей эфирлердің бірінде бейәдеп сөздер қолданылғанын анықтаған.
Тікелей эфирдегі балағат сөз полиция назарын аударды
Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықталған дерек бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тікелей эфирге қатысып, балағат сөз айтқан азаматтың жеке басы анықталды. Ол Сарыағаш қаласының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты материалдарды жинақтап, істі соттың қарауына жолдаған.
Сот шешімімен құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады
Осы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері азаматтарды әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіпті сақтауға және қолданыстағы заңнама талаптарын бұзбауға шақырды.
Тәртіп сақшыларының ескертуінше, TikTok, Instagram және басқа да интернет платформаларындағы көпшілікке қолжетімді тікелей эфирлер азаматтарды заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Әлеуметтік желілерде бейәдеп сөздер қолдану және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Полиция өкілдері интернет кеңістігінде де әдеп нормаларын сақтап, өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу қажеттігін еске салды.
Осыған ұқсас қандай жағдайлар болды
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту жағдайлары бұған дейін де тіркелген.
Маусым айында Қазақстанда әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін айыппұл енгізілуі мүмкін екенін жаздық, сондай-ақ сот төрағасы неліктен әлеуметтік желіде балағат сөз айтуға болмайтынын түсіндірген.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде балағат сөз айтқан стримерлергеқамау, тіпті бірнеше тәулікке қамауға алынған жағдайлар тіркелді.