Алматы тұрғыны әлеуметтік желідегі балағат сөзі үшін бес тәулікке қамалды
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Алматыда сот ер адамды Instagram әлеуметтік желісінде балағат сөздер айтқаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әлеуметтік желідегі видео
Істі Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот анықтағандай, Instagram әлеуметтік желісінде азамат Ж.-ның балағат сөздер айтқан видеосы жарияланған. Осылайша ол жазылушыларға құрметсіздік танытқан.
Қандай бап бойынша жауапқа тартылды
Ер адамның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған.
Бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот қандай жаза тағайындады
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасын тағайындады.