Жаңалықтар

TikTok-та балағат сөз айтқан стримерлерге айыппұл салынып, қамауға алынды

Қазақстанда 9 TikTok стримері заңсыз контент үшін жауапқа тартылды.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз автордың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Polisia.kz-ға сілтеме жасап хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым мен донат үшін заң талаптарын өрескел бұзған. Олар TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.

Кәмелетке толмағандарға теріс үлгі

ІІМ мұндай контенттің ең үлкен қаупі – оны күн сайын әлеуметтік желілерді пайдаланатын балалар мен жасөспірімдердің көруі екенін атап өтті. Сондықтан цифрлық кеңістіктегі құқық бұзушылықтарға қатысты бақылау күшейтілмек.

Кімдер жауапқа тартылды?

Астана қаласының тұрғыны, TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танымал Индира Ештаева тікелей эфирде балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқаны үшін ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік айыппұл алды.

Алматы қаласының тұрғыны Ақтөре Батырбек тікелей эфир барысында айналасындағыларды қорлағаны және балағат сөздер айтқаны үшін сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкент қаласының тұрғыны Данияр Сейдалиев аудиторияның назарын аудару үшін электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған. Сондай-ақ эфир барысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысының тұрғыны, «Алтын қыз» лақап атымен танымал Лайло Қасымова бірнеше рет заңға қайшы контент таратып, балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік айыппұл арқалады.

Сол өңірдің тұрғындары Жарқынай Байбек пен Асылжан Танаберганов TikTok-та донат жинау мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» контент жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Анонимді аккаунт жауапкершіліктен құтқармайды

ІІМ азаматтарды әлеуметтік желілердегі анонимді аккаунттарға сеніп, заң бұзбауға шақырды. Министрлік кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға қажетті барлық құралға ие екенін мәлімдеді.

Ведомствоның айтуынша, әрбір заң бұзушылық анықталып, оған құқықтық баға беріледі. Ал құқық бұзушылардың есімдері алдағы уақытта да профилактикалық мақсатта жарияланып отырады.

Цифрлық кеңістік бақылауда болады

ІІМ қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін және зорлық-зомбылық пен әдепсіздікті насихаттайтын контентке қарсы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, азаматтардың басым бөлігі мұндай контентті қолдамайды және интернеттегі заң бұзушылықтар туралы полицияға жиі хабарлайды. Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидаты шынайы өмірде ғана емес, цифрлық кеңістікте де қатаң сақталатын болады.

Back to top button