$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Пікір

Қазақстанда отбасылар не себепті жәрдемақы алу үшін ажырасады – Тимур Балымбетов

Қазақстандық продюсер, тележүргізуші және интервьюер Тимур Балымбетов «Әке» покастында балалық шағы, әкесімен қарым-қатынасы және отбасы мен әке туралы түсінігіне айтарлықтай әсер еткен өмірлік тәжірибесі жайлы айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы ажырасу мәселесіне де тоқталып өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Подкаст жүргізушілерінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы статистика бойынша Қазақстанда 21 600 неке тіркелсе және ол өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 3,9% аз екенін айтты. Сондай-ақ, үш ай ішінде 11 200 ажырасу жағдайы тіркелген.

«Ешкімді кінәламай, өз-өзіңе үңілу керек»

«Мен жақында Қазақстан бойынша ажырасу бойынша қай облыс бірінші орында екенін білдім. Ол қай өңір екенін айтпай қояйын. Ол жақтағы кәсіпкерлерге қиындау болып жатыр екен, себебі ол жақтың тұрғындары арнайы жәрдемақы алу үшін, азырақ жұмыс істеу үшін арнайы ажырасады екен. Бұл – саусақпен санарлық түрде кездесетін жағдай емес, көп отбасы осындай қадамға барады екен, яғни балаларға арнайы жәрдемақы беріледі, жалғызбасты ана ретінде жәрдемақы алады. Бір жағынан біздің буын – сынған буын. Арамызда өткен шаққа қатысты олқылықтарды түзегісі келетіндер бар және қарым-қатынасты қарай құру керектігін, әйелмен қарым-қатынасты қалай құру керектігін білмейтіндер, бұрмаланған түсініктегі адамдар бар. Ажырасуға қаражаттың жетіспеушілігі себеп болады деген пікір бар, бірақ мен табысты болса да қарым-қатынас құра алмаған адамдардың бар екенін білемін. Мұндай жағдайда ешкімді кінәламай, өз-өзіңе үңілу керек деп ойлаймын», – дейді Тимур Балымбетов.

«10 жыл оқып, 300 мың теңге алатын дәрігерлер – нағыз қаһармандар»

Оның айтуынша, қоғамда әйел мынандай болуы керек, еркек мынандай болуы керек деген түсінік бар.

«Мысалы, еркек ақша таба беруі керек деген түсінік бар. Барлық еркек айына аз дегенде 1 миллион теңге таба алмайды. Ондай жалақы берілмейтін мамандықтар бар. 10 жыл дәрігерлік бойынша оқу оқысаңыз, бірнеше ай ішінде басқа мамандық бойынша біліктілікті арттырып, табысы көп басқа маман иесі болып шыға келу оңай емес. Халықтың көп бөлігі өзіне ақылы медицинаны рұқсат ете алмайды. Қабылдауына 50 мың теңге бере алатын адамдар көп емес. 10 жыл оқып, 300 мың теңге жалақыға жұмыс істейтін мамандар нағыз қаһармандар, себебі олар өте көп өмірді құтқаруда, сондықтан «Ай сайын 1 миллион теңге таба алмасаң – еркек емессің» деу де қисынға келмейді. Еркек үйге ақша алып келгенмен, тыныштық, қорғаныс сезімін алып келмесе – балалары тамағы тоқ, киімі бүтін, бірақ іштері бос тұлға болып өседі», – дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін психоаналитик Мишель Венсанның кітабына шолу жасап, әке бейнесі баланың психикасына қалай әсер ететіні туралы жаздық.

Жасөспіріммен терапия өткізудегі мақсат – диагноз қою емес, түсіну екені туралы да жаздық.

Сондай-ақ, психоаналитик Мишель Венсанның «Жасөспірім шақтың дерті» кітабы бойынша жасөспірімдерді психологиялық тұрғыда емдеудің ерекше тәсіліне тоқталып өттік.

Сонымен қатар, аталған кітап бойынша балаға мінсіз ата-ана емес, «жеткілікті жақсы» ата-ана керек екенін түсіндірдік.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button