Әке – баланың өміріндегі жай ғана отбасы мүшесі емес. Ол баланың қауіпсіздік, шекара, сенім және өз орнын сезінуіне ықпал ететін маңызды тұлға. Біз баланың психикалық дамуы туралы сөз қозғағанда көбіне ана мен бала арасындағы байланысты алға шығарамыз, алайда баланың ішкі әлемі тек анамен қарым-қатынастан қалыптаспайды. Әкенің балаға қалай қарайтыны, анасына қалай қарым-қатынас жасайтыны, оның сезімдерін қабылдай алуы немесе эмоциялық түрде алыс не жақын болуы – баланың кейінгі өміріндегі қарым-қатынас үлгілеріне әсер етуі мүмкін. Әке физикалық тұрғыда баланың жанында болмаса да, оның бейнесі баланың психикасында сақталып, ересек өмірдегі таңдауына, өзіне деген көзқарасына және басқа адамдармен қарым-қатынасына әсер етуі ықтимал. Tizgin.kz тілшісі әкенің бала психикасындағы орны қандай және эмоционалды тұрғыда «суық әке» баланың ішкі әлеміне қалай әсер ететіні туралы шолу жасады.
Әке – қауіпсіздік, шекара, қарым-қатынас үлгісі
Біз баланың психикалық дамуы туралы айтқан кезде тек анасымен байланыстырып айтамыз. Ал шын мәнінде баланың анасымен қатар әкесі бар емес пе? Баланың қандай тұлға болып қалыптасуына әкесі де, анасы да, қоршаған ортасы, туыстары, достары және жеке тәжірибесі де ықпал етеді. Бұл мақалада баланың тұлға болып қалыптасуына әкенің ықпалы туралы айтатын боламыз.
Психоанализ тұрғысынан қарағанда әке – балаға қауіпсіздік сезімін беретін адам. Бұл – әке тек мейірімді болуы керек деген сөз емес, бала «Мен қорықсам – әкеме жүгіне алам. Ол менің сезімдерімді көтере алады» деп ойлауы керек. Әке – шекара қоюшы, ереже түсіндіруші. Бала өскен сайын «Маған бәрі рұқсат етіле бермейді», «Ережелер бар», «Басқа адамдардың да қалауы бар», «Әр шешімнің нәтижесі, салдары болады» дегенді түсіне бастауы керек. Мұның бәрін оған түсіндіруі, көрсетуі керек тұлға – әке.
Шекара қою – баланы қорлау емес. Шекара деген «Балам, ашуланып тұрғаныңды түсінем, бірақ бірақ басқа баланы ұруға болмайды» деп түсіндіре алу, яғни әр сезімін түсініп, әрі шекараны белгілеп беріп тұру.
Әке баланы анасынан алыстататын адам. Бала сәби шағында анасына «жабысып» қалады. Уақыт өте келе ол анасы өз өмірі, өз қалауы бар жеке адам екенін түсіне бастауы керек. Балаға осыны үйрететін – әке.
Әке – әйелмен қарым-қатынас үлгісі. Әкесі анасын сыйлай ма? Кешірім сұрай ала ма? Мойнына жауапкершілік ала ала ма? Ұл бала осының бәрін көреді. Қыз бала да әкесіне қарап «Еркекке сенуге бола ма? Еркек әйелді құрметтей ме? Еркектің айғайлағаны дұрыс па? Еркек қамқор бола ала ма?» деген сұрақтардың жауабын алады.
Әке мінсіз болуға тиісті емес
Психоанализ көзқарасы бойынша, әке сабырлы, салмақты, мінсіз, мұңсыз, мықты, ашуланбайтын, қателеспейтін адам болуға тиісті емес. Тірі адам – қателеседі. Ең бастысы ол: «Менікі осы жерде дұрыс болмапты», «Мен тым қатты айғайлап жіберген сияқтымын», «Мені кешірші», «Ашуланып тұрмын, тынышталып алайыншы» деп айта алуы – маңызды. Бұл – бала үшін өте маңызды. Әке мінсіз емес, жеткілікті түрде жақсы әке болса болды.
Әке жаман адам болса не болмақ
Қазір символикалық әке туралы сөз қозғаймыз. Бәлкім қазір әкеңіз бойынан қауқар кеткен, егде жастағы, ашуы басылған, сабырға келген, өз үйінде анаңызбен бірге шәй ішіп, әңгімелесіп отырған адам болар. Ал Сіздің миыңызда балалық шағыңызбен байланысты әкеңіздің образы бар. Балалық шақтағы ер адаммен байланысты өзіңізге ұнамайтын сценарий қайталана берсе және оны үзгіңіз келсе – миыңыздағы әке образымен жұмыс істеуіңіз керек.
«Суық әке»
Психоанализде «тірі өлік әке», «суық әке» деген ұғым бар. Бұл – физикалық тұрғыда болса да, эмоциялық тұрғыда баласының қасында бола алмайтын әке. Ол қайғыру, күйзеліс күйінде жүреді. Ондай әкенің жанарында бостық болады, эмоциялық байланыс орнату қиын. Ондай әке өзі сондай күйде жүргенін түсінбейді.
«Суық әкенің» қыздары қандай болады?
Мұндай әкенің қыздары психологқа барғанда депрессия емес, әкесінің күйімен келеді: күйгелектік, шарасыздық, жақсы көре алмау, өз қабілетіне сенбеу, жетістікке жете алмау, жете алса да – көңілі толмау, ішкі қарама-қайшылық, кінәлі сезім, сенімсіздік, бір орында тоқтамай, үнемі бір нәрсе істеп жүру керек сияқты күйде болу. Әкесі өз-өзіне көңілі толмай, өз-өзімен күйзелісте жүрсе – оның баласының да өз-өзіне көңілі толмайды. Ол «Әкем сондай күйдегі адам, мен басқа адаммын» деп ойламайды, «Мен дұрыс емес болған соң әкем осындай күйге түсті» деп ойлайды, содан кейін оның көңілінен шығу үшін қатты тырысатын болады. Қанша тырысса да әкесі тарапынан қолдау, түсіну болмағандықтан бала да өз-өзіне жат бола бастайды. Өзін әкесін құтқара алмағаны үшін кінәлайды, бойжеткен шағында да өз сезімдерін ажырата алмайды, жігітпен танысқанда да бойын жалғыздық сезімі билеп тұрады, әрі мұғалім, әрі кондитер, әрі сұлулық саласында қызмет етіп, әр саланың басын бір шалып жүреді. Ішкі жан дүниесінде тұтастық болмайды. «Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабын таба алмай жүреді.
«Суық әкенің» ұлдары қандай болады?
Ұл бала мұғалім, жаттықтырушы, психолог, мемлекет басшысы түрінде әке «жасап» алады. Ол процесс те оңай емес. Эмоциялық тұрғыдан суық әкенің жанында өскен ұл бала әкесінің қарым-қатынасын әртүрлі қабылдауы мүмкін. Кейбір ұлдар әкесінің махаббаты мен мойындауына ие болу үшін үнемі жақсы бала болуға тырысады. Ол тәртіпті, ыңғайлы, жауапты болып өседі. Кейбірі өте ерте жастан өзіне ғана сенуге үйренеді. Көмек сұрамайды, әлсіздігін көрсетпейді, басқа адамға тәуелді болудан қорқады. Ересек өмірде де біреудің қамқорлығын қабылдау қиын болуы мүмкін.
Тағы бір бала әкесінің мойындауын жетістік арқылы алуға тырысады. Сабақта, спортта, жұмыста үнемі биіктенуге ұмтылады. Оның ішінде «Егер мен жеткілікті дәрежеде мықты әрі табысты болсам, әкем мені ақыры байқайды» деген бейсаналы қажеттілік болуы мүмкін. Кейбір ұлдар керісінше, бүлікші болып өседі. Ережеге қарсы шығады, үлкендермен жиі дауласады, өз тәуелсіздігін барынша көрсетеді. Сырттай «Маған ешкім керек емес» дегендей көрінгенімен, оның астарында әкенің мойындауына деген қажеттілік жатуы ықтимал.
Эмоциялық суық әкенің баласы сезімдерін іште сақтауға да үйренуі мүмкін. Ол өз сезімі туралы сөйлесуге, көмек сұрауға немесе өзінің әлсіз тұсын көрсетуге қиналады. Кейін өзі де эмоциясын білдіруді білмейтін, жақын қарым-қатынастан қашқақтайтын ер адамға айналуы мүмкін, себебі оған сезімді қалай білдіру керектігін ешкім үйретпеген.
Толқытатын оқиға
Жалпы, бұл мәселені психологқа қызметіне жүгіну арқылы шешуге болады. Психоаналитик Мишель Венсанның «Жасөспірім шақтағы дерт» кітабындағы Сильвия есімді кейіпкер арқылы әкенің қыз бала үшін маңызы туралы түсіндіріп көрейін.
Сильвия психоаналитиктің көмегіне 15 жасында жүгінеді. Ол – жетім қыз. Асырап алған өгей әкесі де, «әкем осындай болса ғой» деп армандаған көрші ер адам да, кейін ересек өмірінде кездескен әкесіндей болып кеткен адам да оның шекарасын бұзып, тәніне қол жүгіртеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әке – қорғаушы болса, Сильвия үшін бұл қызмет бұзылған, ол үшін әке – қауіп, денеге қол сұғу. Оның миында жазылған әкеге қатысты ең алғашқы сценарий – жат болу, тастап кету, сондықтан ары қарай да өгей әкесі, көрші ер адам және әкесіндей болып кеткен адамдар да оның жанын дәл осылай жаралайды.
Сильвия психоаналитигіне өзіне әке болуын өтінеді, бірақ терапиялық байланыс кезінде ондай қарым-қатынас мүмкін емес және психоаналитик ол туралы астарлап, кейін нақты айта бастайды. Ондай кезде Сильвия психоаналитигіне ренжіп, терапияны тоқтатып, араға жалдар салып 2 рет қайтып оралады.
Психоаналитиктің шеберлігі сонда – ол клиентіне әке болып кетпейді, бірақ әкесі сияқты болып, қамқорлық танытады. Оның қамқорлығы – сұхбаттарды уақытылы, тұрақты өткізу, клиентке әке бола алмайтынын түсіндіру, шекара қою, жауапкершілікті өз мойнына алуды үйренуге ықпал ету, қауіпсіздік сезімін беру. Сильвия көп жылдық терапия аяқталған кезде:
«Менің балалық шағымда әкем бермеген махаббатты, ол кезде болмаған нәрсені қазіргі психоаналитигімнен, күйеуімнен талап етпей-ақ өмір сүруіме болады екен. Көп кітап оқыдым, бірақ жан жарымды кездестіріп, сау қарым-қатынас құра алуыма психоаналитигім ықпал етті» деген қорытындыға келеді.
Демек, ол әкемен, ер адаммен қатысты дұрыс емес сценарийді психоаналитиктің көмегімен өзгертіп, өткеннің жібін үзе алды.
Психоаналитик кітаптың бұл бөлімін «Толқытатын оқиға» деп атайды, себебі жан жарасы толқын сияқты қайта-қайта қозғалып тұрады. Терапиядағы мақсат – толқынды тоқтату емес, оның мағынасын сөзге айналдыру. Жан жарасын сөзге айналдырған кезде адамға ем қонады.
Кітаптың басқа бөлімдері
Еске салсақ, бұған дейін жасөспіріммен терапия өткізудегі мақсат – диагноз қою емес, түсіну екені туралы жаздық.
Сондай-ақ, психоаналитик Мишель Венсанның «Жасөспірім шақтың дерті» кітабы бойынша жасөспірімдерді психологиялық тұрғыда емдеудің ерекше тәсіліне тоқталып өттік.
Сонымен қатар, аталған кітап бойынша балаға мінсіз ата-ана емес, «жеткілікті жақсы» ата-ана керек екенін түсіндірдік.