Жаңалықтар

Қазақстанда кепілсіз несиеден бас тартудың жаңа тәртібі енгізілді

12 қазаннан бастап қазақстандықтар кепілсіз несиеден келісімшарт жасалған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде бас тарта алады. Бұл талапты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сақтандыру ақысын қайтаруға болады

Құжатқа сәйкес, қаржы ұйымдары клиентке кепілмен қамтамасыз етілмеген несиеден келісімшарт жасалған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде бас тартуға мүмкіндік беруге міндетті.

Егер несие рәсімдеу кезінде ерікті сақтандыру шарты жасалса, клиент одан да бас тарта алады. Бұл жерде сақтандырудың пайдаланылмаған кезеңіне тиесілі төлем қайтарылады. Дегенмен қаржы ұйымының қызметті ұсынуға тікелей байланысты нақты шығындары өтелуі мүмкін.

Банктер мен өзге де қаржы ұйымы клиенттерге қосымша қызметтерден айыппұлсыз бас тарту құқығы туралы келісімшарт жасалғанша хабарлауға міндетті. Сондай-ақ бас тарту рәсімі қарапайым әрі қолжетімді болуы тиіс.

Қандай әрекеттерге тыйым салынады

Жаңа ережелер қаржы ұйымдарына қаржылық өнімнің маңызды шарттарын, құны мен тәуекелдерін жасырып, алдын ала клиент келісімін алуға тыйым салады. Онымен қоса, қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну жағы да қаралады.

Құжат 12 қазанда күшіне енді.

Back to top button