Ұлттық экономика министрлігі әйелдер кәсіпкерлігі экономика өсімінің негізгі нүктесінің бірі деп ақпарат таратты. Ведомство 2025 жылы Қазақстанда бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесте жүргенін, бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,1% құрайтынын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.
Министрлік әйелдер сауданы, қызметтерді, сұлулық индустриясын, қоғамдық тамақтану, білім беру жобаларын, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамаларды батыл дамытып жатқанын атап өтеді. Олар өңір экономикасын нығайта әрі заманауи даму трендін қолдай отырып, тұрақты, технологиялық және қоғамдастыққа бағытталған кәсіпорындар құрып, еңбек етіп жүр.
“Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен 20 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Олар қызметтерді ақысыз ұсынып, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді қамтиды”, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін төрт негізгі құрал бар.
- Ақпараттық-консультациялық көмек. Әйелдер негізгі сұрақтарға жауап алады: бизнесті қалай тіркеу, ЭҚЖЖ таңдау, құжат ресімдеу, мемлекеттік қолдауды пайдалану және тендерлерге қатысу. 2026 жылғы 1 қаңтарда 16 326 әйелге 60 249 қызмет көрсетілген.
- Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, есептілік, “1С”, бизнес-жоспар мен ілгерілету стратегиясын әзірлеу. Барлығы 6 410 әйелге 7 106 қызмет ұсынылды.
- Іскерлік байланыстар. Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен байланыс орнатып. шетелде тағылымдамадан өтеді. Бағдарламаны 36 кәсіпкер, оның ішінде 10 әйел аяқтады.
- Жергілікті өндірушілердің әлеуетін ашуға көмектесетін және ауылдық жердің экономикалық дамуын күшейтетін “Бір ауыл-бір өнім” жобасы. Бүгінгі таңда қатысушылардың 90%-ы әйелдер. 1 мыңнан астам қатысушы кеңес алса, оның ішінде 742-сі әйел. 38-і финалист атанды. Жоба 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға және оқытуда, брендингте және өнімді жылжытуға қолдау алуға мүмкіндік береді.
Тағы бір бағыт – ЕҚДБ-мен бірлескен “Бизнестегі әйелдер ” бағдарламасы. 2015 жылдан бастап 565 консалтингтік және коучингтік жоба өткізілген. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 10 мыңға жуық кәсіпкер “Микробизнестегі әйелдер” бес модульді онлайн бағдарламасына қатысты.
Мемлекеттік субсидиялау және кепілдік беру құралдары кәсіпкер әйелдер үшін қаржы мен бизнесті дамытуға тең жағдай жасайды. Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы 13,2%, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 12,2% ставка бойынша беріледі. Несиелер 3 жылға дейін 200 млн теңгеге дейін беріледі.
Барлығы 3373 жоба 365,7 млрд теңгеге қолдау тауып, 268,5 млрд теңге субсидия төленген. Оның ішінде 1423 жоба, яғни 42% – әйелдердікі. Несие сомасы 119,7 млрд теңге.