
Атырау облысында төрт кісіні өлтірді деген айыппен сотталып жатқан Сұлтан Сәрсемәлиев 2025 жылдың қарашасында Түркия арқылы Мекке қаласына барғанын мойындады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Өмірден түңіліп кеттім. Құдайдан кешірім сұрап өлейінші дедім. Мекке қаласында 10 күн болдым. Мені Құдай түсінбесе, басқа ешкім түсінбейді. Мен қылмысты жайдан жай жасаған жоқпын. Өздері осыған дейін әкелді. Иә, мен қателестім. Бірақ олардың да кінәсі бар ғой. Оларды жазықсыздан жазықсыз өлтірген жоқпын», – деді Сұлтан Сәрсемәлиев сотта.
Бұған дейін Сәрсемәлиев оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Сөзінше, балаларына анасы қараған. 2025 жылдың қыркүйегінде әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға бірінші топтағы мүгедектігі бар деген анықтама берілген. Әрі қарай әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімді екі ай күту қажет болған. Сол уақытта үш жастағы қызы мен әйелін алып, қайын жұрты тұрып жатқан Жангелдин ауылына барған.
Алайда ата-енесі қалған балаларды әкеліп тастауды талап етіп, қамқоршы тағайындау, мүгедектік туралы айтып үлгермеген.
Сұлтан Сәрсемәлиев тергеушіге жетпей-ақ әуежайда шетелден қабылдап алған кісілерге жасаған қылмысын мойындаған. Кісі өлтіруден бөлек оған ұрлық қатарлы бірқатар бап бойынша айып тағылып отыр.