TOP-2Жаңалықтар

Жапонияда 11 мың теңге тұратын дәрі Қазақстанда 130 мың теңгеге сатылады — Аймағамбетов

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда вонопразан препаратына екінің бірі қол жеткізе алмайтынын айтып, дәрі бағасына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, дәрігер тағайындаған препаратты елдегі кәдімгі дәріханалардан табу мүмкін болмаған. Ал тапсырыспен қажет мөлшерден әлдеқайда көп дәріні 463 мың теңгеден жоғары бағаға ұсынады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Науқасқа қажет 28 таблетканың орнына 100 таблетка ұсынылған

Депутаттың жеке қабылдауына дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қатысты мәселе көтерген азамат жүгінген. Дәрігер пациентке Helicobacter pylori инфекциясын емдеу үшін 14 күндік курсқа 20 миллиграмдық вонопразанның 28 таблеткасын тағайындаған. Асхат Аймағамбетов ашық дереккөздерге сүйеніп, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұратынын айтты. Ал Малайзияда жапон өндірісіндегі осы дәрінің 30 таблеткалық қаптамасы 27–30 мың теңге аралығында сатылады.

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда вонопразанды қарапайым дәріханалардан табу қиын. Тапсырыспен 100 таблеткалық қаптамасын 463 мың теңгеден жоғары бағаға ұсынады. Бұл — дәрігер белгілеген емдеу курсына қажетті мөлшерден төрт есеге жуық артық.

Егер 100 таблетка 463 мың теңге тұрса, 28 таблетканың құны шамамен 130 мың теңгеге шығады. Бұл Жапониядағы бағадан шамамен 12 есе жоғары. Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай жағдайда науқас тағайындалған емнен бас тартуға немесе қажет мөлшерден артық дәріге жүздеген мың теңге жұмсауға мәжбүр.

«Заң қабылдау жеткіліксіз»

Депутат биыл парламент депутаттарының бастамасымен дәрілік заттарды тіркеу рәсімін жеңілдететін заң қабылданғанын еске салды. Халықаралық беделді реттеушілер, соның ішінде АҚШ-тың FDA ұйымы мақұлдаған препараттарды жеделдетілген тәртіппен тіркеу қарастырылған. Ал өзге дәрілер үшін рәсім мерзімі қысқартылып, «бір терезе» қағидаты енгізіліп жатыр.

Алайда Аймағамбетовтің пікірінше, заңнамалық өзгеріс дәрілердің елдегі дәріханаларда пайда болуына өздігінен кепіл бола алмайды.

«Егер заманауи препараттар дәріханаларда әлі де болмаса, ал азаматтар оларды шетелден іздеуге немесе бірнеше есе қымбатқа алуға мәжбүр болса, жаңа тетік әзірге тиісті деңгейде жұмыс істемей тұр деген сөз», – деді депутат.

Ол сұранысқа ие, бірақ Қазақстан нарығында жоқ дәрілерді жүйелі түрде анықтап, өндірушілермен жұмыс істеу және шағын партиямен жеткізу жолдарын жеңілдету қажет екенін айтты. Аймағамбетов бұл мәселені комитет отырысында және Құрылтайда көтеретінін мәлімдеді.

Back to top button