Жаңалықтар

Ерболат балаларымен қоштасып кетті – Жанабыловтың туысы

Ерлі-зайыпты блогер Жанабыловтардың туыстары сот процесіне қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Әулеттің келіні Айханым Жанабылова әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында кешегі түннің отбасы үшін өте ауыр өткенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Бұл түн ең ауыр түндердің бірі болды. Белгісіздіктен бәріміз есімізден адасқандай күй кештік. Бүгін жақындарымыз үйге оралмай қала ма деп қатты алаңдадық, қорықтық», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Айханым Жанабылова сотқа дейінгі кездердің эмоционалды өте ауыр болғанын айтты. Сөзінше, Ерболат Жанабылов таңертең үйден шығар алдында жақындарымен қоштасқандай болған.

«Таңертең үйден шығар алдында балаларды, анасын, Соманы құшақтап, сүйіп, іштей қоштасқандай болды. Алла ешқайсыңызға мұндай сезімді бастан кешіруді нәсіп етпесін. Ертең не болатынын ешкім білмейді, ешкім ешнәрсеге кепіл бола алмайды. Біз үшін дұға етуді тоқтатпаңыздар», – деді ол.

Айта кетейік, Жанабыловтардың соты бүгін де жалғасты. Сотта кеше денсаулығына байланысты процеске келе алмаған Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтып, судьядан процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдірді. Сот прокурорға дайындық үшін бір сағат уақыт берді.

Артынша прокурор Олжас Хайруллаев пен блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова процессуалдық келісім бойынша дүйсенбіге дейін уақыт сұрады.

Судья Әділбек Баймаханов келісім беріп, келесі сот отырысы 27 сәуірде өтетін болды.

Back to top button