Жаңалықтар

Енді мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 3 жылда бір рет өседі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңға қол қойды. Құжатта шенеуніктердің жалақысын тұрақты индекстеу, қосымша әлеуметтік кепілдіктер беру және еңбек тәртібін күшейту қарастырылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы енді кемінде үш жылда бір рет өсіріліп отырады. Сонымен қатар, билік шенеуніктерге тұрғын үй төлемдерін, жеңілдетілген ипотекаға қолжетімділікті және балаларын балабақшаға кезексіз орналастыру мүмкіндігін бермек.

25 жылдан астам еңбек өтілі бар және марапатталған мемлекеттік қызметкерлерге зейнетке шыққанда біржолғы төлем беріледі.

Артық жұмысқа өтемақы төлей ме

Заңда мемлекеттік қызметкерлер үшін 40 сағаттық жұмыс аптасы бекітілген. Ал I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс уақыты 36 сағатқа дейін қысқарады.

Ең маңызды өзгерістің бірі – артық жұмыс үшін өтемақы төлеу талабының енгізілуі. Бұған дейін мемлекеттік қызметте overtime мәселесі қоғамда жиі сынға ұшырап келген. Сонымен бірге еңбек өтілі үшін қосымша демалыс күндері беріледі. Ал қызмет бабымен басқа қалаға көшкен жағдайда мемлекет пәтер жалдау мен зат тасымалдау шығындарын толық өтейді.

Жаңа талаптар 

Жаңа заң шенеуніктердің жұмыс тәртібіне қатысты талаптарды да күшейтеді. Енді мемлекеттік қызметкерлер азаматтарға формалды себептермен қызмет көрсетуден бас тарта алмайды.

Тәртіптік комиссиялар жаза тағайындағанда жеңілдететін жағдайларды ескеруге міндетті болады. Ал eQyzmet жүйесі кадр қабылдау процесін толық цифрландырады.

Есірткіге тест

Құжаттағы ең көп талқыланған нормалардың бірі – есірткіге тест енгізу мәселесі. Жауапкершілігі жоғары лауазым иелері міндетті түрде тексерістен өтеді. Ал басшылар үшін мұндай тест жыл сайын өткізілмек.

 

 

Back to top button