Жаңалықтар

Сайлауалды үгіт басталмас бұрын Бас прокуратура БАҚ-қа арнап мәлімдеме жасады

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру қызметтерін көрсететін БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушыларға мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Қандай жауапкершілік қарастырылған

Оның айтуынша, олар үгіт басталғанша кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру бағасы мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет.

«Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген мәліметтерді жариялаған соң ғана орналастыруға болады. Көрсетілген талаптарды сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 30-дан 50 АЕК-ке дейін)», – деді орынбасар.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін шарттық негізде үй береді. Олар бірыңғай әрі тең жағдайларда ұсынылуға тиіс.

«Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 123-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады (айыппұл 30 АЕК)», – делінген ақпаратта.

Материал жариялағандарға құлаққағыс

Үгіт материалдарында осы ақпараттарды шығарған ұйым туралы, тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы ескерілуі қажет.

«Ел аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындап, жасырын (анонимді) үгітматериалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады», – делінген прокуратура ақпаратында.

Үгіт материалдарын өшіргендерге қандай шара қолданылады

Онлайн-платформаларға қатысты мұндай талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын шарттық негізде дайындаған жағдайда қолданылады. Осы талаптарды бұзғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 113-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады (айыппұл 25 АЕК).

«Меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің келісімімен ғимараттарда, құрылыстарда және өзге де объектіде орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 114-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 15 АЕК)», – деді Ерлан Өтегенов.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауына биыл 7 партия атынан бес жүзден аса кандидат тіркеліп отыр. Сайлауалды үгіт жұмыстары бүгіннен бастап бір айға жуық уақыт жүргізіледі. Құрылтай сайлауының өзі 23 тамызда өтеді.

Back to top button