Құрылтай сайлауына 7 партиядан 546 кандидат ұсынылды
Құрылтай депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялық тізімдер бойынша 546 кандидат құжат тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ОСК мәліметінше, белгіленген мерзімге дейін сайлауға қатысатын жеті саяси партия өз кандидаттарының тізімін ұсынған.
Жалпы кандидаттар саны – 546 адам. Оның ішінде:
- «Әділет» партиясы – 186;
- Respublica партиясы – 76;
- Қазақстан халық партиясы – 72;
- «Ауыл» партиясы – 69;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63;
- «Байтақ» жасылдар партиясы – 47;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 33 кандидат ұсынды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін сайлау жарнасы 15 ең төменгі жалақы, яғни 1 275 000 теңгені құрайды.
Сонымен қатар ол Мәжілістің 2023 жылғы сайлауында кемінде 5 пайыз дауыс жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден толық босатылатынын айтты.
Ал 3 пен 5 пайыз аралығында дауыс жинаған партиялар жарнаның 50 пайызын, 1 мен 3 пайыз аралығында дауыс алған партиялар оның 70 пайызын төлейді.
Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына ресми түрде тіркелген кандидаттардың түпкілікті тізімін жариялайды.