Экологияны қорғау: ел бойынша 248 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды
153 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды.
Ішкі істер министрлігі қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгудің алдын алуға, сондай-ақ сұйық қалдықтарды арнайы полигондардан тыс жерлерге ағызу фактілерінің жолын кесуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру жалғастыруда.
«Биыл бес айда 248 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді (қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу). Тиісті шаралар қабылдау үшін экология департаменттері, жергілікті атқарушы және басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға 58 материал жолданды», – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 172 ұсыным енгізілді. Оларды қарау нәтижесінде 153 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды экологиялық заңнама талаптарын сақтауға, елдімекендердің тазалығын қолдауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.