Алматыда Розыбакиев көшесін Шаханов есімімен атау ұсынылды
Алматы қаласында бір топ белсенді Розыбакиев көшесінің атауын өзгертіп, оған ақын Мұхтар Шахановтың есімін беруді ұсынды. Тиісті петиция Gosrating ашық петициялар сайтында жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Біз, Алматы қаласының тұрғындары және Қазақстан Республикасының азаматтары, Абдулла Ахметұлы Розыбакиевтің есімі берілген көшені Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, 2026 жылғы 19 сәуірде өмірден өткен Мұхтар Шахановтың есімімен атау бастамасын ұсынамыз», – делінген петиция мәтінінде.
Бастама авторлары Абдулла Розыбакиевтің есімін басқа форматта ұлықтауды қарастыруды ұсынған.
«Розыбакиев көшесін таңдау – оның Алматыдағы ең ұзын көлік артерияларының бірі болуы, Бостандық және Алмалы аудандары арқылы өтуі. Сондай-ақ маңызды білім беру және қоғамдық нысандардың (Almaty Management University, Тұңғыш Президент қорының спорт кешені, MEGA Alma-Ata сауда-ойын-сауық орталығы) орналасуы – ақын Мұхтар Шаханов тұлғасының қоғамдық маңыздылығына сай келеді», – дейді белсенділер.
Аталмыш бастаманы 400-ге жуық адам қолдаған.
Еске салсақ, әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды.