Аңыз адам – ақын Мұхтар Шаханов өмірден өтті

Әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол көпшілікке тілі жатық, қисыны тастай, ойы шымыр өлеңдерімен ғана емес, шешуші сәттерде батыл әрекет ететін тәуекелшіл мінезімен де танымал. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары ретінде репутация қалыптастырған ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Репсубликасындағы елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтар есімін арқалаған үш алыптың бірі саналатын ақын ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды.
Мұхтар Шаханов совет билігі тұсында Желтоқсан шындығын Мәскеуде ашық айтқан тұлға. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін де ел ісіне араласып, елші қызметінде болған.
Бірнеше өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. Өлеңдерінде философиялық ой басым. Мәтінін де, музыкасын да өзі жазған “Жұбайлар жыры”, “Туған күн кешінде”, “Гүл дәурен”, “Мен саған ғашық едім” атты әндері жұртшылыққа кеңінен таныс.