ӘЧ кезіндегі нәсілшіл әрекеті үшін мексикалық қызметінен босатылды
Мексикалық азамат матч барысында блогердің артында тұрып, азиялықтарды келемеждейтін қорлайтын қимыл көрсеткен.
Мексиканың үкіметтік ұйымдарының бірінің басшысы, Улисес Берналь 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде оңтүстіккореялық блогер Юн Сун Джин туралы нәсілшілдік сипаттағы әрекет жасағаннан кейін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«РИА Новости» басылымының мәліметінше, мексикалық азамат матч барысында блогердің артында тұрып, азиялықтарды келемеждейтін қорлайтын қимыл көрсеткен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамның қатты сынына ұшырады. Соның нәтижесінде Берналь атқарып отырған қызметінен айырылды
Оқиға 2026 жылғы әлем чемпионаты аясында Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары арасындағы матч кезінде болды. А тобындағы кездесу бейсенбі күні Мексиканың Гвадалахара қаласында өтті.
Оңтүстік Корея құрамасы гол соққан сәтте блогер қыз өзін және айналасындағы жанкүйерлерді видеоға түсіре бастаған. Кадрға оның артында отырған, Мексика құрамасының жейдесін киген жанкүйер де түсіп қалған. Ол камераға қарап, көзінің қиығын саусақтарымен тартып көрсетіп, азиялықтарды келемеждейтін нәсілшілдік ишара жасаған әрі күліп тұрған.
«Әлемнің арғы бетінен Мексикаға әлем чемпионатына келіп, нәсілшілдікпен бетпе-бет келемін деп кім ойлаған? Әлде мен тым сезімталмын ба?» – деп жазған әлеуметтік желілерде 9 миллион жазылушысы бар Юн Сун Джин.
Кейін Берналь өз әрекеті үшін кешірім сұрап, Мексиканың Халиско штатындағы инженер-геодезистер алқасындағы қызметінен босатылғанын растады.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 ұлттық құраманың қатысуымен үш елдің – АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.