Әділетхан Молдаханға үкім шықты
Заңгер Әділетхан Молдаханға үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сот үкімі бойынша, заңгер 2,5 жылға сотталды. Сонымен қатар, оған әлеуметтік желіде 5 жыл бойы жарияланым жасай алмайды.
Айта кетейік, наурыз айының соңында әлеуметтік желілерде бұған дейін блогердің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алматы қалалық полиция департаменті бұл мәліметті растады. Кейінірек Әділетхан Молдаханның адвокаты Нұртуған Өмірзақ журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қорғауындағы заңгер қамауда қалай отырғанын айтып берді.
Осыдан бір аптаға жуық уақыт бұрын жол-көлік апаты туралы әлеуметтік желіде пікір жариялаған соң 10 күнге абақтыға жабылған блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның қамау мерзімі тағы 2 айға ұзартылған болатын.
Бұған дейінгі сотта оған тағылған айыпты прокурор қайта саралау туралы өтініш білдірген.
Әділетхан Молдахан – азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Оның Instagram парақшасына бір миллионнан астам қолданушы жазылған. Ол Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын терең талдап, видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Сол үшін қоғамның қолдауына ие болған.