TOP-2Тергеу

Әділетхан Молдаханның ісіндегі күтпеген өзгеріс: прокурор айыптау актісін қайта саралады

Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысында прокурор айыпты қайта саралау туралы өтініш білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бүгін, 3 шілдеде, сотталушы соңғы сөзін айтуы тиіс болған. Алайда оған дейін сөз алған прокурор айыптау бабының өзгертілгенін мәлімдеді.

Бастапқыда Әділетхан Молдаханға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған болатын.

Енді мемлекеттік айыптаушы істі Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі бойынша қарауды сұрады. Бұл бап көрінеу жалған ақпарат тарату салдарынан ірі залал келтірілген немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларды қамтиды. Аталған баптың санкциясында бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Прокурордың мәлімдемесінен кейін сот отырысы кейінге шегерілді. Қорғаушы тарапқа айыптың жаңа саралануына қатысты ұстанымын дайындауға уақыт берілді.

Келесі сот отырысы 9 шілдеге белгіленді.

Сотталушының адвокаты журналистерге айыптың қайта саралануы ықтимал жазаға қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.

Back to top button