$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Әділет министрлігі NCOC-тан 2,3 трлн теңге өндіруге қатысты мәлімдеме жасады

Қашаған операторынан 2,3 трлн теңге өндіру жалғасады – Әділет министрлігі

Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына қатысты атқарушылық іс жүргізу соттағы қарау кезеңінде ғана тоқтатылды. Іс материалдары қайтарылғаннан кейін мемлекет қаражатты өндіріп алу жұмысын жалғастырады. Бұл туралы Қазақстанның Әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Атқарушылық іс жүргізу неге тоқтатылды

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралында мемлекет пайдасына NCOC-тан қаражат өндіруге қатысты атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылғаны туралы ақпарат тараған еді. Әділет министрлігі бұл хабарламаларға түсініктеме беру қажет екенін атап өтті.

Компания мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 42-бабы 13-тармақшасына сәйкес, материалдар сотта қаралып жатқан кезеңде атқарушылық іс жүргізу тоқтатыла тұруға тиіс. Құжаттар соттан қайтарылғаннан кейін іс жүргізу қайта жалғасады.

Демек, бұл – мемлекеттің қаражатты өндіріп алудан бас тартуы емес, заңда көзделген процестік үзіліс.

«NCOC-тан мемлекет пайдасына қаражат өндіру жұмысы заңда белгіленген тәртіппен жалғасады», – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.

NCOC неліктен 2,3 трлн теңге төлеуге міндеттелді

Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына салынған 4,9 млрд доллар мөлшеріндегі экологиялық айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімін бастағанын бұған дейін жазған едік.  Дау Қашаған кен орнында жүргізілген экологиялық тексеруге байланысты туындаған. 2022 жылғы желтоқсанда Атырау облысының Экология департаменті оператордың, мемлекеттік органдардың нұсқасы бойынша, күкірт сақтаудың рұқсат етілген көлемінен асып кеткенін анықтаған. Әңгіме 1,2 млн тоннадан астам күкірт туралы болып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша компанияға шамамен 2,3 трлн теңге көлемінде экологиялық айыппұл салынды.

NCOC тағылған айыппен және өндірілетін қаражат көлемімен келіспеді. 2025 жылы экология ведомствосы нұсқамаларының бірі рәсімдік талаптардың бұзылуына байланысты күшін жойған. Ескертулер түзетілгеннен кейін айыппұл қайта тағайындалды. 2026 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық соты экологиялық айыппұлға қатысты сот актісін күшінде қалдырды. Шешім заңды күшіне еніп, оны ерікті түрде орындау мерзімі 20 шілдеде аяқталды. Осыдан кейін атқарушылық іс жүргізу басталып, оператордың бірқатар мүлкі мен көлік құралдарына тыйым салынды.

Back to top button