Қазақстан NCOC-тен $4,9 млрд айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алуға кірісті
Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына салынған 4,9 млрд доллар мөлшеріндегі экологиялық айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімін бастады. Ақпаратты Tizgin.kz порталына Әділет министрлігі растады.
Айыппұлды төлеу мерзімі аяқталды
Әділет министрлігінің мәліметінше, экология талаптарын, нақтырақ айтқанда күкіртті сақтау ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлды NCOC 20 шілдеге дейін ерікті түрде төлеуі тиіс болған. Айыппұлдың заңдылығы Қазақстан соттарының барлық сатысында қаралып, мемлекет пайдасына қарай шешім шыққан. Белгіленген мерзімде қаражат төленбегендіктен, енді оны мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімі басталған.
Арбитраж шешімі өндіруге кедергі келтірмейді
Биыл 16 шілдеде NCOC БҰҰ-ның халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (UNCITRAL) арбитраждық трибуналы Қазақстанға аталған айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алу шараларын уақытша тоқтатуды тапсырғанын мәлімдеген еді.
Алайда Қазақстанның Әділет министрлігі бұл шешім экологиялық айыппұлды өндіріп алу процесіне құқықтық тұрғыдан кедергі келтірмейтінін мәлімдеп, ұлттық соттардың шешімдері заңды күшінде қалатынын атап өтті.
Қашаған және NCOC туралы
Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық секторында, Атырау қаласынан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан әлемдегі ең ірі теңіз мұнай-газ кен орындарының бірі.
Кен орнын игерумен North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы айналысады. Оның құрамына «ҚазМұнайГаз», Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies және өзге де халықаралық мұнай-газ компаниялары кіреді.