Украина президенті Владимир Зеленский мінген ұшақ Молдовадан Норвегияға аттанар кезде дрон қаупіне тап болған. Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёренің айтуынша, ұшақ әуеге көтерілер сәтте ұшқышсыз аппаратпен соқтығыса жаздаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Дрон қаупі сапарды кешіктірген
Йонас Гар Стёре 9 қыркүйекте NRK телерадиокомпаниясының эфирінде Зеленский мінген ұшақтың Молдовадан ұшып шығуы кезінде қауіпті жағдай болғанын айтты.
«Оның ұшағы Молдовадан ұшып шығуға дайындалған кезде дронмен соқтығыса жаздады. Бұл – оның өмір сүріп жатқан шындығы», – деді Норвегия премьер-министрі.
Алайда саясаткер бұл ақпаратты қайдан алғанын нақтыламаған. Оның сөзінен оқиғаның кездейсоқ жағдай болғаны немесе Украина президентіне қасақана қауіп төндіру әрекеті екені түсініксіз. Кейін Норвегия премьер-министрінің кеңсесі мәлімдемеге түсініктеме берді. Ресми ақпаратқа сәйкес, Молдова әуе кеңістігінде туындаған дрон қаупі Зеленский ұшағының Ослоға сапарын кешіктірген.
«Дрондардың оның ұшағына қаншалықты жақын болғаны белгісіз», – делінген түсініктемеде.
Украина президентінің кеңсесі әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.
Молдовадан жарылғыш заттары бар дрон табылды
Владимир Зеленский Норвегия королі Харальд V-тің жерлеу рәсіміне қатысу үшін 8 қыркүйек кешінде Молдовадан Ослоға барған. Рәсімнен кейін ол Йонас Гар Стёремен кездескен. Норвегия үкіметінің келіссөздер туралы ресми хабарламасында дронға қатысты оқиға айтылмаған.
9 қыркүйекте Молдова полициясы жерге құлаған ұшқышсыз аппарат табылғанын хабарлады. Дрон құлаған кезде жарылыс болып, үлкен шұңқыр пайда болған. Оның ішінен металл шариктер түріндегі зақымдаушы элементтер анықталды. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Сол түні Ресей дрондары Одесса облысындағы Молдова шекарасына жақын орналасқан «Староказачье» халықаралық автомобиль өткізу бекетіне шабуыл жасаған. NRK мәліметінше, Зеленский Ослоға ұшқан әуежай бұл шекара бекетінен шамамен екі сағаттық жерде орналасқан.