Зеленскийдің жақтасы қамауға алынды
Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты Украина президенті офисінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакты екі айға қамауға алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
КЕПІЛ ТӨЛЕП, БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒА АЛАДЫ
Unian.net ақпаратынша, соған қарамастан Ермактың 140 млн гривен көлемінде кепіл төлеп, бостандыққа шығу мүмкіндігі бар. Ермак сот шешімінен кейін өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, апелляциялық шағым түсіретінін алға тартты.
Бірақ ол кепіл ретінде қомақты қаржы төлеуге ақшасы жоқ екенін, қажетті қаражатты «достары мен таныстарының көмегімен» іздейтінін де айтты.
ТЕРГЕУ ДЕРЕГІ
Мамырдың 11-ы күні Украинаның Ұлттық антикоррупциялық бюросы мен Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратурасы Ермакқа ресми айып тақты. Тергеу мәліметінше, ол Киев облысындағы элиталық құрылыс жобалары арқылы 460 млн гривеннен астам қаржыны заңдастырған топ мүшесі болуы мүмкін.
Ермак есімі «Мидас» деп аталатын тергеу ісінде де аталады. Бұл – Украинаның атом электр станцияларын басқаратын «Энергоатом» мемлекеттік компаниясына қатысты жемқорлық схемасы. Тергеу дерегінше, бұл схеманың ұйымдастырушысы ретінде кәсіпкер әрі Зеленскийдің жақын серіктерінің бірі Тимур Миндич болуы мүмкін.
ЕРМАКТЫҢ УКРАИНАДАН КЕТКІСІ ЖОҚ
Құзырлы орган өкілдері мәліметінше, күдіктілер төрт элиталық резиденция салуға келіскен. Құрылыс барысында шамамен 9 млн доллар «жылыстатылған».
Ермак өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп атады. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына «бұрын-соңды болмаған қысым» жасалып жатқанын айтып, Украинадан кетпейтінін мәлімдеді.
МӘН-ЖАЙЫ
Украина президенті Владимир Зеленский Ермакты 2025 жылы қарашада Президент офисінің басшысы қызметінен босатқан. Сол күні оның үйінде тінту жүргізілді. Кейін қызметінен қуылған Ермак Зеленскийге кесірін тигізгісі келмейтінін айтып, майданға аттанатынын мәлімдеген.